Елордада 200-ден астам апатты үй бар

  • 242
  • 09.04.2025, 18:38

Астанадағы Телжан Шонанұлы көшесіне қарасты №43 үй тұрғындары үйіміз құлап қала ма деп алаңдайды. Айтуларынша бұл үйде тұру қауіпті. Себебі өткен ғасырдың 80-ші жылдары салынған бұл үйдің қазір қабырғасы қақырап, іргетасы үгітіліп жатыр. Тұрғындар қаттырақ түшкіруге де қорқады. «Оқыс қимылдасаң төбедегі сылақтар опырылып түседі», дейді. Үйдің жертөлесі де кәріз суына толып, түрлі инфекциялардың ошағына айналған. Жалдау ақысы арзан болғандықтан көпбалалы, тұрмысы нашар отбасылар амалсыз осында пәтер жалдап тұрады. Осы үйде 15 жылдан астам тұратын Татьяна Смирнованың қабырғалары кеппейтін пәтеріне саңырауқұлақтар шығып кеткенін айтты. 

Татьяна Смирнова, қала тұрғыны:

-Мұнда өмір сүру өте қиын қауіпті, бәрінен де балаларға обал. Түнде тыныш кезде кірпіштердің мүжіліп құлап жатқаны естіліп жатады. Біз тек құрғақ пәтерде тұрғымыз келеді. Мен ұзақ жылдар бойы мемлекетке жұмыс істедім, сондықтан құрғақ пәтерде тұруға лайықтымын. Шалым осы үйде тұрып өкпе ауруына шалдықты, қазір өкпесі шіріп жатыр, дәрігерлер көмектесе алмай жатыр. Ал бізді тіпті 2030 жылғы апатты үйлер тізіміне қоспаған. 

Серік Омаров, қала тұрғыны:

-Жертөле қысы жазы өмірбойы судың астында жай су емес, кәріздің суы. Мен екінші қабатта тұрамын, соның өзінде үйдің іші дымқыл плесень. Бәріміз шетінен ауырып жатырмыз. Былтыр өзіміз халық болып экспертиза жасағанбыз, ол экспертизада бұл үйде тұруға болмайды, тек қана демонтаж снос деп айтылған. Сонымен біз бармаған жеріміз жоқ. Районный акимат, городской акимат, админитрация Президента, управления жилья , жилищный инспекция бәрінде болдық. Бірақ біздің экспертизаны ешкім қабылдап алмайды. 

Ал Астанада  200-ден астам апатты үй бар. Олардың тұрғындары әкімдіктің 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй қорын жаңарту жобасы аясында жаңа баспанаға ие болмақ. Бірақ жоғарыдағы үй бұл тізімге енбей қалған. 

Рүстем Әбдірашев, Астана қаласы әкімдігінің Тұрғын үй басқармасы бөлімінің бас маманы:

-Ғимаратты қауіпті деп тану үшін тозу коэфиценті 61%-дан жоғары болу қажет. Сондай ақ сарапшылар өз қорытындысында бұзу қажеттілігін нақты айтып, ғимаратты қауіпті деп тану керек. Яғни өткен жылғы сараптама қорытындысы бойынша ғимарат апатты деп танылған жоқ.