Енді сол орындарды қорғау, абаттандыру және инфрақұрылым тарту сияқты жұмыс жүргізіледі. Қазір табиғаты әсем жерлерге ақпараттық турлар ұйымдастырылып жатыр. Картаға қанша нысан енді?
Бұл Көкшетау мен Зерендінің қақ ортасында орналасқан Үлгілі сарқырамасы. Көрікті өлке туристерді ең алдымен өзінің тылсым табиғатымен тамсандырады. Саф ауасы мен сарқырап аққан су адам жанын тыныштандырады.
Абзал Азаматұлы, тілші:
-Үлгілі сарқырамасындағы осынау бір тамаша көріністі көргісі келетіндер көп. Әсіресе, көктем уақытында туристер қарасы артады. Олардың қатарында жергілікті тұрғындар ғана емес, алыс-жақын қалалардан келетін демалушылар да бар.
Қазір сарқырамаға күніне шамамен жүздеген адам келеді. Ал демалыс күндері олардың саны мыңға дейін жетеді.
Мадина Баймахан, саяхатшы:
-Қызылорда облысының тумасымын. Көкшетауда оқимын. Осында алғаш рет группамызбен келіп тұрмын. Мұндағы атмосфера өте керемет.
Елена Бархатова, саяхатшы:
-Табиғаттың осы бір құбылысын көру үшін жылда келгіміз келеді. Себебі мұнда жаның тынышталып, қаладағы күйбең тіршілікті ұмытасың. Сондықтан мен тек жалғыз өзім емес, басқа қалада тұратын жақындарымды, достарымды да бірге ала келуге тырысамын.
Көкшетау ұлттық паркінде 22 туристік бағыт бар. Оның басым бөлігі қарағайлы ну орман мен табиғи ескерткіштер. Бірақ соңғы жылдары дәл осы Үлгілі сарқымасы туристер үшін тартымды аймаққа айналған.
Серік Сыздықов, «Көкшетау» МҰТП филиалының инспекторы:
-Бұл бағыт Зеренді ауылындағы визит орталығынан басталады. Туристер жол бойындағы түрлі киелі жерлерді тамашалап, осында жетеді. Ең бірінші біз мұнда демалушылардың қауіпсіздігіне баса мән береміз. Одан бөлек, ормандағы өрт қауіпсіздігі басты назарда.
Жалпы өңірде көз тоймас көрікті жерлер көп. Қойнауы тұнған тарих. Қазір осы жерлерге 3D-турлар әзірленді.
Қуаныш Шақшақов, өлкетанушы:
-Қазіргі кезде Зеренді ауданындағы 20 шақырым жерде 50-ден астам ескерткіштер бар. Оның ішінде қола дәуірі бар. Ескі темір дәуірі бар. Түркі заманының ескерткіштер бар.
Қазір аймақтағы киелі жерлерді толықтай инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жағы қарастырылып жатыр. Яғни демалушыларға қолайлы жағдай жасалып, сакралды туризмді дамыту ісі қолға алынды.
Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный