Жеңістің 80 жылдығы: Жетісу облысындағы ардагерлерге жергілікті бюджеттен ₸600 млн бөлінді

  • 322
  • 09.04.2025, 18:59

Жетісу облысында Жеңістің 80 жылдық мерейтойына орай жергілікті бюджеттен 600 млн теңге бөлінді. Соғыс және тыл, еңбек ардагерлеріне бірреттік қаржылай көмек көрсетіліп, шипажайға жолдама беріледі. Сондай-ақ  тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. 

Балшекер Тайжанова бала күнінен анасына еріп, еңбекке ерте араласқан. Ұзақ жылдар бойы қант қызылшасын өсірген ол кейін жолдасымен бірге мал бағып, сиыр да сауыпты. Қолға алған шаруасын ұршықша иіріп, озат қызметкер 1984 жылы еңбек ардагері атанды. 

Балшекер Тайжанова, тыл ардагері:  

-Еңбек. Еңбектің арқасында осы хәлге жетіп отырмын. Мен балаларға «жақсы оқыңдар, жақсы тәрбие алыңдар» деп айтамын. Өсіп өніңдер. Немере-шөберелеріме «Оқысаңдар, ештеңеден қор болмайсыңдар» деп айтып отырамын. Еңбек істе. Ұрлық жасамаңдар. Жақсы тәрбие алыңдар. Біреудің ала жібін аттамаңдар. Оны да айтып отырамын. 

Жеті бала өсіріп, немере шөберелерінің қызығын көріп отырған әже Ескелді ауданының Жетісу ауылында тұрады. Еңбек ардагерінің денсаулығын медицина қызметкерлері жылына үш-төрт рет тексеріп отырады. Осы жолы невропотолог, хирург пен аудандық емхананың бас дәрігері арнайы ат басын бұрып, хал жағдайын сұрап, ақыл-кеңестерін айтты. 

Саят Қанатұлы, Ескелді аудандық емхананың меңгерушісі: 

-Апамызды тізе буындары мазалап жүр. Соған байланысты хирургпен сұқбаттасып, тізе буындарын рентгенге түсіріп, біздің травмотологқа көрсетуді ұйғарып отырмыз. 

Ермек Мизамбаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:  

-Бізде екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан үш азаматымыз қалды. Әрқайсысына 5 млн теңгеден бірреттік төлем төленді. Одан бөлек 1700 тылда қызмет еткен азаматтарымыз бар. Әрқайсысына 100 мың теңгеден қаржы қарастырылады. Одан бөлек ардагерлеріміздің жесірлері бар. Сол азаматтарға көмек көрсетіледі.

Мемлекет қамқорлығы мұнымен шектелмейді. Ардагерлерге жылына бір рет шипажайға жолдама беріледі. Биылдан бастап Отан үшін от кешіп, аянбай еңбек еткен жандар өзі қалаған орталыққа барып, денсаулығын түзете алады. 
 

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов