Қазақстандық бітімгерлер Голан жотасына аттанады

  • 264
  • 10.04.2025, 18:33

Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясы аясындағы міндетті орындауға кетіп бара жатқан  екінші ұлттық контингент.

Алматыда Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтында оларды салтанатты жағдайда шығарып салды. 139 әскери қызметкер бір жыл бойы БҰҰ контингентінің жауапкершілік аймағында бітімгершілік міндетін атқарған қазақстандық әріптестерін ауыстырады. Олардың барлығы арнайы дайындықтан өткен. Контингенттің жеке құрамын ауыстыру екі кезеңде жүзеге асады. Алдымен барғандар аймақтағы жағдайды түгел зерттеп болған соң, техника мен құрал жабдықты алып соңынан  екінші топ аттанады. Әскери қызметкерлердің барлығы өз еркімен баруға ниет білдіргендер.

Еске сала кетейік, Голан биіктігі Израиль мен Сирия арасындағы даулы аумақ. Теңіз деңгейінен мың метрден астам биіктіктегі 2 мыңға жуық  шаршы шақырымдық вулканды таулы үстірт.

Жәнібек Нұрланов, екінші ұлттық бітімгершілік контингентінің командирі

-  Біздің тапсырма – БҰҰ-ның персоналдарын тасымалдап алып жүру және де посттарда тұрған басқа бітімгершілерді басқа жаққа эвакуациялау. Жағдай болған кезде ол жаққа көмекке барып, оларды күшейтеміз, болмаса, басқа қауіпсіз орындарға эвакуация жасаймыз. Медиктер жәрдем көрсетеді. Саперлар жарылғыш заттарды тауып, орындарына апарып жарады.