Атырау жолының төрттен бірі тозған

  • 343
  • 10.04.2025, 18:41

Жүргізушілерден түсетін шағым да көп. Жыл сайын жамап-жасқағанымен қар мен жаңбырдан кейін ой-шұқыр қайта пайда болады. Өңірдегі жол мәселесін шешу үшін жергілікті бюджеттен 16 млрд теңге бөлінген.

Мынау күніне мыңдаған көлік жүретін Атырау-Доссор күрежолының қалаға қарасты бөлігі. Қазіргі сиқы осындай. Бұдан бөлек, Сәтпаев, Азаттық секілді орталық көшелерден де күй қашқан. Жыл сайын жөнделетін жолдың сапасына жүргізушілер наразы.

Блиц-сауалнама:

- Жолдың нашар екені рас қой. Бітіп жатыр жол деген. «Ходовка» кетеді. Жолдың бәрін «брусчаткамен» жамап қойған. Ондай жол бола ма? Салу керек. Салған жолдың да сапасы жақсы емес. 

- Осы Сәтпаевтың бойындағы жол өте нашар. Кеше де, мысалы, соның өзінде дөңгелегім жарылып қалды. Шынында, осы шоқалақтың кесірінен ходовка кетеді. 

Биыл жолдарды жөндеуге жергілікті қазынадан 16 млрд теңге бөлінген. Қазір Сәтпаев даңғылы мен Атырау-Астрахань тасжолының қалаға қарасты бөлігін жаңғырту жұмыстары басталды. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 9 шақырымнан асатын орталық көшелердің жолы жөнделеді. Қазір қалаішілік жолдардың ұзындығы 1635 шақырымды құрайды. Оның 25 проценті тозып тұр.

Ғасырбек Төлеген, қалалық әкімдіктің ресми өкілі:

- Қала аумағында күрделі жөндеу, орташа жөндеу, қайта жаңғырту жұмыстары басталды. 1 сәуірден бастап орташа жөндеу жұмыстары Жарбосынов көшесінде басталды. Жарбосынов, Ерниязов көшесі, Әлия Молдағұлова көшесі, Азаттық және Махамбет көшелерінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ауылдық округтер мен қала аумағындағы жолдардың барлығы 50 мың шаршы метр жол қайта ағымдық жөндеуден өтеді деп жоспарланып отыр.

Биыл 161 көшеге 67 шақырымға жуық жол салуды жоспарланған. Қазір жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Бұған қоса 186 шақырым болатын жаяу жүргіншілер жолының құрылысы да осы жылы аяқталады.

Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин