Елімізде некесіз туған балаларды ұят санап, жетімдер үйіне өткізу жағдайлары азайған. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді. Айтуларынша, бұл қоғамдық қорлар мен мамандардың ерен еңбегінің нәтижесі. Дегенмен әлі елде жаңа отбасыға мұқтаж 4 мыңға жуық бала бар. Олардың басым бөлігі жасөспірімдер мен ерекше күтімді қажет ететіндер.
Былтыр 3 мыңнан астам жетім бала жаңа отбасыларға табысталды. Ал жыл басынан бері асыраушылар қанша баланы қамқорлығына алды?
Қарағанды қаласының тұрғыны 25 жасында некесіз бала көтеріп, отбасы мен жақындарының қысымына ұшыраған. Айтуынша, ата-анасы әкесіз дүниеге келген немересін қабылдамайтынын ашық жеткізген. Тіпті алты айлық сәбиімен қонаққа барғанда, екеуін де үйден қуып шығыпты. Шарасыз күй кешкен келіншек бір кездері баласын балалар үйіне өткізуді де ойлағанын жасырмады.
Қала тұрғыны:
- Аяғым ауыр кезінде ешқандай аналық махаббат болған жоқ. Басында баланы туып, бас тартамын деп ойладым. Туу залына барған кезде «нежеланный ребенок» деп жазып қояды екен. Құрбым алып келді осы жерге. Ертең көмектеседі ғой деп. Әкемнің өзі баладан бас тартамыз, тартып аламыз. не істейсің, әлі жассың,- деді. Психолог жақсы көмектесті. Волонтерлар келіп, онлайн жұмыс ұсынады. Ана үйінің арқасында, психологтардың арқасында аман-есен ұлым жанымда.
Заңгерлер балаға әкесінің тегін алып беруді тегін ұйымдастырған. Көп деңгейлі қолдаудың нәтижесінде ана сәбиін өзінде қалдыруға шешім қабылдапты.
Қазіргі таңда елімізде осындай 21 орталық жұмыс істейді. 12 жылда олар 8 466 ананы райынан қайтарыпты.
Фарида Рақметова, «Ана үйі» ҚҚ-ның бала асырап алу ұлттық агенттігінің басшысы:
- Жалпы мақсаты – әлеуеттік жетімдікті жою және балалар үйіндегі балалар санын азайту. Бұл ресурстық орталықта баладан бас тарту қаупі бар жас аналар орналастырылды. Орталықтарда аналарға көмек көрсетіледі. Психологиялық, құқықтық, медициналық әрі қарай бейімделуіне жағдай жасалады. 1 060 сәби Аналар үйінде дүниеге келді. 2306 әйел жұмысқа орналастырылды. 1 271 әйел арнайы оқудан өтті.
Диана Қадыр, тілші:
- Елімізде ата-анасынан айырылған 21 мыңға жуық бала бар. Оның 17 мыңнан астамы жаңа отбасында тәрбиеленіп жатыр. Солардың ішінде мыңнан астамы – ерекше күтімді қажет ететін балалар.
Жетімдер санын азайтуға атсалысып жүргендердің бірі Сахоровтар отбасы. Олар Петропавлда ерікті ретінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіп жүргенде танысқан бір кішкентай қыздың анасы өмірден озып, оны жетімдер үйіне жібергенін естейді. Бірден оны асырап алуға шешім қабылдапты. Одан бөлек, бұл отбасы 1,5 жыл ішінде үш баланы қамқорлығына алған.
Рамзиль Салахов, қала тұрғыны:
- Өзіміз танитын кішкентай қыздың анасы қайтыс болғанда біз шыдай алмай, оны қамқорлығымызға алуды шештік. Балалар үйіне барып жүргенде екінші баламыз бізге әке, ана деп айтатын. Содан кейін біз оны да асырап аламыз деп құжат жинадық. Қазір отбасымызда 6 баламыз бар. Олардың армандары көп. Бізбен жиі бөліседі. Мысалы, Барвара әлемді аралап, түрлі мәдениеттерді танығысы келеді. Ал Женямыздың ұстаздық қабілеті мықты. Кирил болса көлік жүргізгенді армандайды. Кәмелетке толғанда бірден жүргізуші куәлігін аламыз.
Оксана Салахова, қала тұрғыны:
- Біз осы балаларымызбен бақыттымыз. Дегенмен оларға біздің бірінші талабымыз – өз денсаулықтары үшін дұрыс тамақтану және бауырмал болу. Әрбір әйел жауапкершілікті сезініп, оларға жақсы білім беруге, тәрбие беруге дайын болғанда балалы болуды жоспарлау қажет деп ойлаймын.
Елімізде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасына орналастырудың төрт түрі қарастырылға. Олар асырап алу, қамқоршылық, патронат және қабылдаушы отбасы.
Гүлжайна Төлегенова, ҚР ОАМ Балалардың құқығын қорғау комитетінің бас сарапшысы:
- Қамқоршылық және қамқоршылықта білім беру негізінің бұйрық негізінде беріледі. Кез келген 0-18 жасқа дейінгі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленеді. Екінші патронаттық тәрбие. Шарт негізінде беріледі отбасына. Үшінші – ол бала асырап алу. Ол сот шешімі негізінде. Төртінші қабылдаушы. Әр сайын 10 АЕК жәрдемақы төленеді. Ал патронаттық тәрбиеге 35 АЕК жалақы төленеді.
Иә, мемлекет асырап алушы отбасыларға ай сайын 137 мың теңге көлемінде көмек береді. Сол себепті ел арасында 10 баланы асырап, оны табыс көзіне айналдырғандар бар деген жансақ пікір қалыптасты. Дегенмен бұл көмек патронаттық немесе қабылдаушы отбасыларға әр бала үшін берілмейді. Ал Балалардың құқықтарын қорғау комитеті асырап алушы отбасыларды үнемі бақылауда ұстайды. Егер бала тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраса, кез келген азамат 111 нөміріне хабарласа алады. Қазақта жақсы сөз бар, «Балалы үй - базар, баласыз үй - қу мазар».
Диана Қадыр, Ерзат Зайтхан