Шымкентте жастар мен студенттер арасында еңбек жасақтары құрылды

  • 366
  • 10.04.2025, 18:37

Олар құрылыс индустриясына араласып, туризмді дамытуға қолдау көрсетеді. Сондай-ақ экологиялық ахуалды жақсартып, гидротехникалық нысандардың қауіпсіздігі мен тазалығын қадағалайды. Азаматтық қозғалыс мүшелері ант беріп, маусымның ресми ашылу салтанатына қатысты.

«Мәңгілік алау» монументі алдында 90 студент сап түзеді. Сұлтанмұрат Мұхтаров та өзгелермен бірге жасақ қатарына қосылып, азаматтық борышын адал өтеуге ант берді. Белсенді студенттерден құралған 6 топ «құрылыс», «гидротехника», «экология» және «қызмет көрсету» бағыттары бойынша ел дамуына үлес қоспақ. 

Сұлтанмұрат Мұхтаров, студенттік құрылыс жасағының мүшесі:

- Қазір менің оқып жатқан мамандығым құрылыс болып табылады. Яғни бұл маған болашағыма да керек болады. Ал не үшін қосылдың дегенде мен белсенді жастардың басы бірігіп, жасақ құрылғанда шетте қала алмадым. Елді жақсы көремін. Патриотпын. 

Былтыр су тасқыны кезінде «Ауыл» партиясының еңбек жасағы белсенділігін көрсетті. Зардап шеккен халыққа қолдау білдіріп, бүлінген баспаналарды қайта тұрғызуға атсалысты. Көпке үлгі болған жасақтың ерлігін Мемлекет басшысы да байқап, жоғары бағасын берді. Осыдан кейін азаматтық қозғалыс қайта жанданды. 

Бағдат Қадыров «Ауыл» ХДПП Азаматтық бастамаларды қолдау департаментінің директоры:

- Оңтүстік өңірлерде Шымкент қаласының жастары бірінші болып бастап жатыр. Сөйтіп жастарымызбен 6 отряд құрдық, 90-дай бала. Солардың бәрі төрт бағытта осы Шымкент қаласының, Түркістан облысының дамуына үлес қосады деп сенеміз. Биылға біз мың баламен 60 отрядпен шектеу қойдық. Бірақ келесі жылы бұл қозғалысты әрі қарай дамытамыз деп ойлап жатырмыз

Республикалық штаб бөлімшелері бүгіннен жұмысын бастады. Әр жасақтың өз коммандирі бекітілген. Жалпы олар саланы 10 бағытта дамытуға көмек көрсетіп, тәжірибе алмасады. Үшжақты меморандум аясында жастардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмек. Еңбек заңнамасына сәйкес жалақы төленіп, жұмыс киімі беріледі.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы