Пәтер жалдайтын жастарға мемлекеттен қандай жағдай жасалып жатыр?

  • 537
  • 10.04.2025, 18:34

Мемлекеттен жалға берілетін пәтерлер  жастар үшін жақсы мүмкіндік. 2019 жылы Астана, Алматы, Шымкент қалаларында іске қосылған «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша 4500-ден аса баспана рәсімделген. Уақытша баспана   болашақ өз пәтеріңе қаражат жинап, сатып алуға таптырмас мүмкіндік, - дейді үйлі болған жастар.

Меруерт Төлеубекова мемлекет берген жалдамалы пәтерде бес жыл тұрды. Коммуналдық шығын үшін айына 15 мың теңгеден ғана төледі. Осы уақыт ішінде ақшасын үнемдеп, баспанаға қаражат жинады. Сөйтіп «Алматы жастары» бағдарламасына қатысып, алғашқы жарнасын құйып, «Отбасы банк» арқылы пәтер сатып алған.     

Меруерт Төлеубекова, Алматы қаласының тұрғыны:

- «Алматы жастары» шынымен де біз сияқты үйсіз жүрген жастарға үлкен қолдау дер едім. Әйтпесе аз процентпен еш жерден несие алып, үй ала алмайсыз. 5 жыл жалға берілген үйде тегін тұрғанмен тең болды. Алматыда аренданың бағасын жақсы білесіздер. Мүмкіндікті дұрыс пайдаланған жөн. Жаңа үйімді 20 млн теңгеге алдым. Оның 18 миллионы несие, 2 млн-ын өзім қостым.  Үй құнының 10 процентін төлеп, банк шартын орындадым.  

«Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы 2019 жылдан бастап іске қосылды. Бағдарламаға Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істейтін 35 жасқа дейінгі азаматтар өтінім бере алады. Талапқа сай келген өтініш иелері жергілікті әкімдік арқылы келісімшартқа отырады. Ең бастысы – тұрақты баспанаға қол жеткізу үшін мақсат қойып, банктің жинақ депозитінде қаражат жинау.

Данагүл Түсіпова, «Отбасы банк» АҚ Алматы филиалының директоры:

- Бұл бағдарламаның аясында бүгінгі уақытқа дейін шамамен 4581 жас жалға алып пәтерлерде тұрып жатыр. Соңғы өзгерістерге байланысты жалға алу мерзімі 3 жылға дейін қысқартылған болатын. Үш жылдың ішінде жастарымыз өздерінің қажетті алғашқы жарналарын жинауға мүмкіндіктері бар.

Жалға алған пәтерден шығатын уақыт таяғанда жастар «Отбасы банктің» алғашқы жарнасы аз, пайыздық мөлшерлемесі төмен «Алматы жастары» бағдарламасына немесе «Отау», «Наурыз» бағдарламаларына қатыса алады. Сондай-ақ басқа банктердің тұрғын үй жобаларын қарастыруға болады.  Гүлжан Көленқызы, Сұлтан Бейсекенов