Қазақстанның еңбек нарығында білікті әрі сапалы заңгерлер жетіспейді. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Парламенттік тыңдауда мәлімдеді. Ал заң саласындағы мамандарға сұраныс тоғыз еседен жоғары. «Қалыптасқан ахуалды жақсарту үшін мемлекеттің, жұмыс берушілердің және білім беру мекемелерінің үйлесімді жұмысы қажет»,– дейді сенатор. Сондықтан Құқықтық білім беруді дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Бұл салада тағы инновациялық тәжірибелер мен тәсілдерді енгізу жоспарлануда. Одан бөлек заңгер мамандығына мемлекеттік грант аз болғандықтан, көбісі ақылы негізде оқуға мәжбүр. Мәселен, бүгінде заң саласындағы 59 жоғары оқу орнында 40 мыңға жуық шәкірт білім алып жатыр. Былтырдан бастап осы бағытта білім беретін оқу ордаларына қойылатын талап күшейтілді. Енді оларда криминалистикалық полигон, заң клиналикалары болуы тиіс. Профессор-оқытушылар құрамының басым бөлігінде практикалық тәжірибе болуы қажет. Ал қазақ тілінде заңгерлерге оқулық жазатын авторларға тікелей қолдау көрсетілуі мүмкін.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру мәселесіне үнемі баса мән беріп келеді. Қазіргі таңда білімі мен ғылымы жоғары деңгейде дамыған мемлекет қана қуатты және бәсекеге қабілетті бола алатыны анық. Сондықтан палата жоғары білім және оның сапасына оның ішінде заң білімінің сапасына қатысты түрлі іс-шараларға ұйытқы болып келеді.