Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында ТМД елдерінің бірқатар қаласына, соның ішінде Астана, Алматы, Қарағандыға «1941-1945 жылдар. Еңбек даңқы қаласы» құрметті атағын беру туралы шешім шықты. Бұл туралы Алматыда өткен ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысында белгілі болды. Кездесуде халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды. Делегаттар ТМД-ға мүше мемлекеттердің 2026-2030 жылдарға арналған шекаралық және сыртқы шекаралық қауіпсіздікті нығайтудағы ынтымақтастық бағдарламасын қолдады. Достастық мемлекеттері саяси диалогты одан әрі нығайтып, қауіп-қатерге бірге қарсы тұрады. Сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Көлік-логистика әлеуетін арттырады. Мәдени-гуманитарлық байланысты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударады.
Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары - ҚР сыртқы істер министрі:
-Отыз жыл ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы өзінің өміршеңдігі мен сұранысқа ие екендігін бірнеше рет дәлелдеді. ТМД кеңістігінде ынтымақтастық пен достық нығайып, өзара сенімнің сақталып келе жатқаны қуантады. Қазақстан дәстүрлі түрде Достастыққа мүше мемлекеттермен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуды қолдайды. Еліміздің бастамасы серіктестер мен атқарушы комитет тарапынан кең қолдау тауып жатқанына ризамыз.