Қызылорда облысында «Art Sport» бағдарламасы бойынша жарты миллиард теңгеден астам қаржы заңсыз игерілген. Тексеру кезінде 2 мыңнан астам баланың үйірмеге мүлде қатыспағаны анықталған. Тіпті 17 жыл бұрын шетінеп кеткен баланы тіркеп, ақша алғандар бар. Қазір бірнеше қылмыстық іс қозғалып, қаражат қайтарылып жатыр.
2007 жылы Қайыржан Тәшенов ұлды болды. Бірақ шақалақ төрт күннен кейін перзентханада шетінеп кеткен. «17 жыл бұрын өмірден өткен баламның былтыр таэквандо үйірмесіне тіркеліп тұрғанын естігенде төбемнен жай түскендей болды», - дейді Таң ауылының тұрғыны. Қайыржан Тәшенов, Таң ауылының тұрғыны:
-Прокуратурадан Әділжан деген жігіт шақырды. Келіп кетіңіз деп. Келіншегім екеуміз бардық. Балаңыз спортқа қатысқан деп айтты. Ондай бала ертеректе болды, шетінеп кетті. Сонымен сол жерге жазып бердім. Істеген адамды анықтап беріңіз маған, кім екенін, неге бұлай болды?
Құзырлы орган өкілдері артспорт үйірмелеріне мемлекеттен бөлінген қаржының заңды игерілуіне қатысты тексеріс барысында бірқатар былықты анықтапты. Тіпті сал ауруына шалдыққан жеткіншек «би үйірмесіне қатысып жүр» деп қаржы жымқырған кәсіпкер де бар. Барлығы 9,3 миллион теңге талан-таражға түскен.
Шыңғыс Есжанов, Жалағаш ауданының прокуроры:
-Ақшаны негізсіз игерілген кәсіпкерлерде ақша өндіріліп, сонымен қатар екі факті бойынша кәсіпкерге шара қолдану мақсатында аудандық полиция бөліміне материалдар ақпаратты есепке алу кітабына тіркелді. Сол бойынша қылмыстық жауаптылық мәселесі көтерілетін болады. Мұндай заңсыздықтар өңірдің өзге аудандары мен облыс орталығында да анықталды. Аймақта барлығы 310 шығармашылық орталықтың жұмысын тексерген прокурорлар артспорт бойынша жарты миллиард теңгеден астам қаржы негізсіз төленгенін дәлелдеді. Тізімде болғанмен, үйірмелерге қатыспаған балалар саны 2 мыңнан асады.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
-Құзырлы орган өкілдері бей-берекет жұмсалған жүздеген миллион теңгені мемлекетке қайтаруға кірісті. Бүгінге дейін 95 миллион теңгесі өндірілген. Бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Осыдан кейін кейбір елді мекендердегі үйірмелердің жұмысы тоқтап тұр. Бірақ жергілікті билік «Бұл мәселені көп ұзамай шешеміз», - дейді.
Әлия Жақыпбаева, облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары:
-Үйірмелерді ауылдық мәдениет үйлерінен ашу жоспарланып отыр. Әрине бұл қосымша штатты қажет етеді. Қазір осы мәселені шешу үшін тиісті іс шаралар кешені әзірленіп жатыр.
Қазіргі уақытта облыста «Art Sport» бағдарламасы бойынша 52 кәсіпкер жұмыс істейді. Заңсыздықтардың алдын алу мақсатында барлық үйірмелер мен спорт секцияларына Face ID жүйесі орнатылған.
Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Ақан Әлиев