Көктемгі егіс науқанына 400 мың тоннадан астам дизель отыны бөлінді

  • 424
  • 11.04.2025, 18:42

Елде көктемгі егіс жұмысын жүргізу үшін 400 мың тоннадан астам арзандатылған дизель отыны бөлінді. Жанар-жағармайды мұнай өңдеу зауыттары белгіленген кестеге сәйкес өңірлерге тиеп-жөнелтеді. Шаруалар үшін әр литрі 254 теңгені құрап отыр. «Бұл нарықтағы бағадан 15 пайыз арзан» дейді ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері. Бұдан өзге, тыңайтқыш жеткізу қолға алынған. Ал қажетті тұқым дайын. Биыл ел бойынша 23,7 миллион гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылын егу жоспарланып отыр. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 413 мың гектар артық. Ал бидай мен дәнді-бұршақ дақылының егіс алқабы 16,6 млн аумақты құрайды. Ал егіс жұмысын ерте бастаған елдің оңтүстік аймақтарында қазір 490 мың гектарға егілген. 

Ербол Тасжүреков, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі: 

-Сондай-ақ ұйымдасқан шаруашылықтарда картоп алаңы 11,3 мың гектарға артып, 83,4 мың гектарды құрайтын болады. Азықтық дақылдар алаңы 127 мың гектарға ұлғайту және оларды 3,3 млн гектарға жеткізу жоспарлануда. Жалпы дәнді, майлы, көкөніс, бақша дақылдары, картоп бойынша жоспарланған алаңдар ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.