Жаңа салық кодексінің жобасын талқылау бойынша Мәжілісте қоғамдық палатаның отырысы өтті. Құжат мазмұны қазірдің өзінде 800 баптан асыпты. Бүгін де негізгі талқылау қосымша құн салығына қатысты болды. Оның мөлшерін 16 процент деңгейінде бекіту көзделген. Оны қаражат айналымы 40 млн теңгеден асатындар төлейді. Демек шағын кәсіп иелері бұл салық түрінен босатылады. Әлеуметтік маңызы бар тауар түрлері және ауыл шаруашылық өнімін өндірушілер үшін де өзгеріс болмайды. Ал медицина саласына қатысты ұсыныс әлі талқыланып жатыр.
Азамат Әмрин, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
-Біз әр сұрақты талқылауға, ең тиімді шешімдерді іздестіруге дайынбыз. Бұған дейін айтылған ұсыныстар бойынша жұмыс жүргізілуде. Мәселен, Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, қосымша құн салығынан босатылатын дәрілік заттардың тізімі әзірленетін болады. Басқа да ұсыныстар осылай жеке қаралады.