Павлодар облысында алпыстан астам этнос өкілі тұрады. Олар өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына ауқымды үлес қосып отыр. Солардың бірі - Головчуктар отбасы. Сонау тың игеру жылдары қазақ жеріне қоныс аударған әулет туралы тілшіміз баяндасын.
Головчуктар әулеті Павлодар облысына өткен ғасырдың орта тұсында көшіп келген. Тың игеру жылдары Қазақстан топырағына табан тіреген жүздеген отбасы сияқты олар да жаңа қонысқа тез бейімделді. Ал ұрпақтары үшін қазақ жері Отанына айналды. Еліміз Тәуелсіздік алған 1991 жылы түрлі ұлт өкілдерінің этномәдени бірлестіктері құрыла бастады.
Татьяна Головчук, «Т. Шевченко атындағы украин мәдениетінің павлодардағы серіктестігі» ҚБ өкілі:
-Менің анам украин серіктестігін, украин мәдениетін дамыту жолында аянбай еңбек етті. Бүгінгі күні ортамызда жоқ Михаил Парипсамен бірлесіп украин орталығын құрды.
Алты баланың анасы Татьяна Головчук ұрпақ тәрбиесіне көп мән береді. Ол балаларының бойына салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарды жастайынан сіңірген. Екі қызын домбыра үйірмесіне беріпті. Үйіндегі қазақтың құрақ көрпелері мен сырмағы украинның кестелі бұйымдары өзара үйлесім тапқан.
Татьяна Головчук анасының жолын қуған. Ол украин этномәдени бірлестігі ұйымдастыратын мерекелік іс-шаралардың бел ортасында жүреді.
-Мен қазір Достық үйінің жанындағы Ұлттық жаңғыру мектебінде қосымша білім беру педагогы болып қызмет етемін. Балаларды украин тіліне, әдет-ғұрпына баулимын. Маған анам көп нәрсені үйретіп кетті. Соның бәрін жас ұрпақ санасына сіңірудемін.
Украин этномәдени орталығының өкілдері «Бандуристер» ансамблінің Павлодарда құрылғанын мақтан етеді. Өнер ұжымы кезінде көне сарынды қайта жаңғыртқан болатын.
Рамиль Смайылов, облыстық ҚХА төрағасының орынбасары
-Қазақстандағы жалғыз бандуристер ансамблі болды және түрлі халықаралық фестивальдарға қатысып, еліміздің атынан өнер көрсетті. Жалпы украин этномәдени орталығында патриоттық мәдени іс-шаралар оң жолға қойылған. Жастардың көбі мемлекеттік тілде еркін сөйлейді. Головчуктер осындай керемет отбасылардың бірі.
Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғына 30 жыл. Украин дәстүрі мен қазақ мәдениетін өзара үйлестірген Головчук отбасы үшін бұл маңызды мереке.
Қарлығаш Қасиетова, Даулет Қошқарбаев