Бүгін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, актер, режиссер Балтабай Сейітмамытұлы 75 жасқа толды. Театр мен кино саласында талмай еңбек еткен тұлға 50-ге тарта киноға түсіп, театр сахнасында 60-тан астам қайталанбас образ сомдады. Режиссер ретінде сәтті сахналаған қойылымдары театр сахнасынан түспей, көрерменнің көзаймына айналды.
Балтабай Сейітмамытұлы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, актер, режиссер:
-Мен бала кезімде кім боласың дегенде әртіс боламын деп айтқанмын. Сол бала кезде айтқан нәрсе орындалады екен. Бала арманы адастырмаған Балтабай Сейітмамытұлын алғаш көргендер қатқыл мінезін, өткір мысын айтар еді. Ал шындығында, айналасы да, өнердегі ортасы да актердің бірбеткей болмысының астарында адамгершілік, уәдеге беріктік, өнерге деген адалдық жатқанын айтады. Сүйекке сіңген сол мінез, еңбек пен талант талай қайталанбас образдарды, көрермен көңілінде жатталып қалған кейіпкерлерді туғызды.
Ләззат Айтханқызы, Б. Сейтмамытұлының жары:
-Театрға жиі баратынбыз. Бірде курстасым Нұржамал Байсақал екеуміз «Әдемі келіншектің» премьерасына бардық. Балтабайдың рөлі алқашты ойнайды, әбден араққа салынып кеткен, өмірде жолы болмаған адамды ойнайды. Сонда көрерменнің бағасы ғой енді, Нұржамалдың айтқаны бар. Осы актерға осы бір рөлі үшін халық әртісі атағын беріп жіберуге болады деп. Ол кезде мен Балтабайды танымаймын әлі. Көрермені Балтабай Сейітмамытұлын театрда «Қорқыттың көріндегі» Қорқыт, «Ұлан асудағы» Абылайхан, Чеховтың «Шағаласындағы» Тригорин, «Әдемі келіншектегі» Жиенбай арқылы таныды, қабылдады. «Өлместің оралуы» киносындағы Әнуар, «Абай» фильмінде Базаралы сияқты көптеген рөлдері актердің өнердегі төлқұжатына айналды. Ал режиссер ретінде сәтті сахналаған қойылымдары көрерменге өнердің құдіретін сезіндірді, әсерге бөледі, сендірді.
-«Тұншыққан сезім» спектаклі болды, «Жекпе жек» Байджиев, сонда 3-4 рет жедел жәрдем шақырдық. Әйелдер ауырып, жүрегінен талып, жедел жәрдем шақырдық. Балтабай Сейітмамытұлының шәкірттері қазір кино мен театр сахнасында өнер көрсетіп жүр. Әсет Иманғали, Нұргүл Мыңғатова, Елдар Отарбаев сияқты көптеген актерлер ұстазы сіңірген ұстанымнан айныған емес. Сахнадағы үзеңгілестері де Балтабай ағаның актерлік, режиссерлік шеберлігін жоғары бағалайды.
Жомарт Зейнәбіл, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
-Ол кісінің ойнаған рөлдері көбіне біздің терминмен айтқанда енді характерный рольдер болады ғой, мінезді. Балтабай ағамыздың ондай рольдерге баратыны өзінің бойындағы талантымен қоса, құдай берген дарынымен қоса, сол мінезі де сай келді деп ойлаймын. Жастарға қамқор болуға тырысып, жастарды өзінің артынан ертуге тырысып жүретін.
Өнер арқылы өнегелі өмір сүрген Балтабай ақсақалды көршілері «Әртіс аға» деп атайды. Бұл да баға жетпес құрмет. Өмірлік жары, талай жыл телевизия саласында қызмет еткен Ләззат Айтханқызымен құрған отауы қазір туған-туыс, дос-жаран, немерелер бас қосатын берекелі қара шаңыраққа айналған.
Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов