Шымкентте жаңадан төселген асфальт бүлініп жатыр

  • 171
  • 14.04.2025, 18:47

Шымкентте жаңадан төселген асфальт жылға жетпей бүлініп жатыр. Салдарынан Тассай шағын ауданында көлік қозғалысы қиындап кеткен.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Жаңа жолдың сапасы сын көтермеді. Айдын көшесіне төселген асфальттың алғашқы жауын мен ақ қардан соң ой-шұңқыры шығып жатыр. Қуанышы көпке созылмаған тұрғындар тереңдігі 1 метрдей болатын ойықтардан адам өміріне қауіп төніп тұрғанын айтады.

Асфальттың ойық-шұңқыры көбейген сайын көлік қозғалысы да қиындайды. Салдарынан басы ауырып, балтыры сыздаған жанға жедел жәрдем қызметі жете алмай, қаңтарылып қалады.

Орақ Ахметов, қала тұрғыны:

- Көше толып ойнайды. Оны аңдып, қарап отырмаса, самокаттың екпінімен келіп түсіп кетсе не болады?! Қай күні, менің жас шөберем түнде ауырып қалып, жедел жәрдем шақырдық. Машина жүре алмайды ғой. Дәрігерлерді жаяу жетектеп келдік. 

Жалпы ұзындығы 900 метр болатын көшенің үштен бірі осындай күйде. Тұрғындардың пікірінше, жолдың алғашқы жамылғысы нығыздалмай жатып, асфальт төселген. Мердігерге бұл туралы бірнеше рет ескертілгенімен, мән бермеген көрінеді. 

Айдын көшесін жөндеу жұмыстары қазан айында аяқталған. Оған дейін кәріз жүйесі тартылғандықтан, асфальт төселмей жатып жолдың бір бөлігі қазылған,-дейді сала мамандары. Енді мердігерлер кепілдік мерзіміне сәйкес асфальтты қайта қалпына келтіруі тиіс. 

Бағдат Орынбай, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:

- Қайта нығыздау жұмыстары біздің орташа жөндеу жұмыстарының аясына мүлде кірмейді. Мұны тұрғындар өз есебінен жүргізуі керек болған. Тапсырма берілді. Мердігер өзінің асфальтын қайта қалпына келтіреді. Негізгі жұмыс 2-3 күн уақыт алуы мүмкін. Бірақ біз табиғи нығыздалуын күтеміз. 

Былтыр Тассай тұрғын алабындағы инфрақұрылымды жақсарту үшін 37 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бюджеттен бөлінген 816 млн теңгеге асфальт төселіп, 5 жылдық кепілдік берілген. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы