Бірқатар өңірлерде теміржол вокзалдарын жаңарту жұмыстары жалғасын тауып жатыр.
Мәселен, Маңғыстау облысындағы орталық теміржол вокзалына жөндеу жұмыстары басталды. Бірқабатты нысан Мұнайлы ауданында орналасқан. Кешенді жаңғыртудан соң кассалар, анықтама орындары мен дәретханалар мүгедектігі бар азаматтарға да қолжетімді болады.
Сондай-ақ вокзал аумағында көтергіш құрылғылар, индукциялық панель орнату жоспарланған. Күту залдары тегін ғаламтор желісімен қамтылады. Жүк сақтау камераларының саны артып, демалыс орындары және ана мен бала бөлмелері пайда болмақ.
Адайбек Қалиев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Қазір бұл тек тәулігіне 300 ғана жолаушыға қызмет көрсетуге арналған. Енді мұны 2,5-3 мың жолаушыға қызмет көрсететіндей үлкен вокзал салатын боламыз. Маңғыстау облысы бойынша 3 вокзалда жөндеу жұмысын жасау жоспарланып отыр. Бейнеу мен Шетпе вокзалдарында жұмысы жақын күндері басталатын болады.