«Банкрот болдым». Жамбылдық шаруалар ₸500 млн өтемақыны кері қайтаруға мәжбүр

  • 78
  • 15.04.2025, 18:43

Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы басқармасы 2023 жылы диқандарға бөлінген 500 млн теңгеге жуық өтемақыны кері қайтаруды талап етіп отыр. Себебі аймақтағы тексеру комиссия сондай нұсқама берген. Ал шаруалар қаржыны қайтарудан бас тартқан. Мәселе қалай шешілмек? 

2023-ші жылы Жамбыл облысында 400-ге жуық шаруаның егісі қурап қалған еді. Сол кезде шығынға батқан шаруаларға Үкімет резервінен 2,8 миллиард теңге өтемақы төленген еді. Алайда бірнеше апта бұрын қаржыны қайтару жөнінде хабарлама келген.

Шохан Молдашев, шаруа:

- 30 млн-ды қалай қайтарамын?! Айтып отырмын ғой, бәрін ұрыққа, селитраға, бәріне төлеп тастадым. Менде ақша жоқ. Алдыңғы жылы банкрот болдым, биыл банкрот болдым. Қазір үй, фазенда бәрі кепілде. Биыл еге алмаймын.

Өңірдегі 69 шаруаға қаржыны қайтару жөнінде хабарлама келген. Жалпы сомасы жарты миллиард теңгеге жуық. Мұндай шешімді алқаптарды 3 ай бойы тексерген арнайы комиссиясы шығарған. Бірақ шаруалар мұны негізсіз,- дейді. Комиссия шешімін ауыл шаруашылығы басқармасы да қолдамайды. Алайда талап етуге мәжбүр.

Қайрат Көшенов, Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- ЧС талабында жоқ ол. Сондықтан біз де келіспегенбіз. Әрине, тексеру комиссиясымен біз өз пікірімізді айттық. Бірақ өкінішке орай бізді тыңдаған жоқ ол кезде. Сондықтан нұсқама шықты. Әрине, шаруаларға болысып отырмыз.

Ал қаржыны қайта сұратқан комиссия басшысы қуаңшылыққа қатысты құрылған топтың жұмысын сынға алды. Себебі талапта «ҚазСуШар» мекемесімен келісімшартқа қол қойған диқандарға ғана қаржылай көмек беріледі делінген. Соған қарамастан басқарма 69 шаруаға өтемақы төлеген.

Нұржан Тұрлыбеков, облыстық тексеру комиссиясының төрағасы:

- Мәселені шешетін сот орындары. Егер біздің нұсқаманы дұрыс емес танитын болса, сол сотқа жүгінсін. Сот орындары нүктесін қояды. Бұл енді тексеру кезінде ауыл шаруалығы басқармасы тарапынан бізге ешқандай келіспеушілік келіп түскен жоқ. Біз отырыста да қарадық. Оны қортындылап жолдадық, нұсқаманы жолдадық. Енді оның орындалу күні 15-сәуір.

Қазір прокуратура қызметкерлері құжаттарды тексеріп жатыр.

Мерей Бает, Елдар Байділдә