Еліміз жазда жиілейтін дала және орман өрттеріне дайын ба?

  • 78
  • 15.04.2025, 18:31

Айта кетсек, 26 наурыздан еліміздің оңтүстік өңірлері, 7-сәуірден батыс, солтүстік және орталық өңірлер және 14 сәуірден бастап шығыс өңірлер үшін өрт маусымы белгіленді.

Үкімет отырысында жауапты министрліктер мен өрт қаупі жоғары өңірлердің әкімдері өрт маусымы кезеңінде келеңсіздікті барынша азайтуға жасалатын қам-қарекеттерді пысықтады. Ал бұл уақытта еліміздің шығысында біраз далалы қамысты алқап жанып жатты.

Қазгидромет ескертеді, биыл жазда аптап ыстық, қуаңшылық болады. Өрт қаупі жоғары. Қазірден қамданыс қажет. Әлбетте әңгіме ақшаға тіреледі десек, орман шаруашылықтарын қамтамасыз етуге 2023-2027 жылдарға арналған жалпы қаржыландыру көлемі 68 млрд теңге екен. Шаруашылықтарды техникалық жарақтандырудың биылғы көрсеткіші былай болмақ.  

Бұның сыртында утиль алымның 15 млрд теңгесі Экология министрлігіне қарасты мекемелерге бағытталады. Айтпақшы жоғарыда айтқан 4 жылдың 68 млрд ақшасы көп емес. Жетпейді. Министр Үкімет басшысының өзінен ақша сұрады.  

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

- Орман өрттерiн анықтау мен жоюдың тиiмдi тәсiлдерінің бiрi ормандарды авиациялық қорғау. Мемлекеттік орман қорының неғұрлым жанатын учаскелерін бақылау үшiн ұшу уақытының 10453 сағаттық нормасы белгіленді. Алайда республикалық бюджетте қарастырылған қаржы жеткіліксіз. Құрметті Олжас Абайұлы, осы маңызды мәселені шешуге ықпал етуіңізді сұраймыз.

Орман өрттерін ерте анықтау жүйесін енгізу жалғасуда, - деп баяндады Нысанбаев мырза. Былтыр оның арқасында Ертіс орманы аумағында өрттің орташа ауданы 11,5 гектардан 0,1 гектарға дейін азайған. Бүгінде еліміздің 1,3 млн гектар мемлекеттік орман қоры осы жүйемен қамтылса, биыл Семей орманы резерватының 600 гектары қамтылады. Обалы нешік, Семей орманы өрт қауіпсіздік кезеңі бастала салысымен бір өртеніп алды.

Берік Уәли, Абай облысының әкімі: 

- Ағымдағы жылдың 4-ші сәуірі күні Бесқарағай ауданында құрғақ шөптің өртенуі салдарынан Семей орманы мемлекеттік орман табиғи резерваты өртенді. Жалпы жанған аумақ алдын ала есеп бойынша 900 гектардан астам жерді құрады. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Абай облысында  орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері  Төтенше жағдайлар, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктеріне өрттің шыққаны туралы тез арада хабар бермеген. Павлодар облысында да дәл осындай жағдай орын алды. Экология, Төтенше жағдайлар және Ішкі істер министрліктеріне осы екі өңірдегі өрттің шығу себептерін тексеріп, тиісті шаралар қабылдауды және кінәлілерді анықтап, жауапкершілікке тартуды тапсырамын.

Сөйтті де Үкімет басшысы 5 тараулы тапсырма беріп тастады. Келесі айдың соңына дейін табиғи өртке қарсы оқу-жаттығулар, дрондық бақылауды күшейту, трансшекаралық орман алқаптары бойынша көрші елдермен өзара іс-қимылдарды пысықтау, жазда орманға демалуға тиым салу, тікұшақ кезекшілігі, өртті ерте анықтау сияқты сан түрлі шараларды қамтиды. Үкіметте қозғалған екінші мәселеге келсек. 

Кеген Тұрсынбаев, ҚР Төтеншежағдайлар вице-министрі:

- Өткен аптада еріген қар суы мен көп жауған жаңбырдың салдарынан Ақмола облысындағы тұрғын үйлерді су басты. Қолда бар су өткізу жүйелері мол көлемдегі суды өткізуге қауқарсыз болып шықты. Азаматтар дереу қауіпсіз жерлерге көшіріліп, кезек күттірмейтін авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Ақмола облысының көлік қатынасы үзілген елді мекендеріне уақытша жол қатынасы ұйымдастырылды, азық-түлік қоры жеткілікті мөлшерде. Қазіргі уақытта жергілікті өзендердегі су деңгейі төмендеуде. Су тасқынының келесі кезеңі Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында күтілуде.

Су тасқынына қарсы шаралар шеңберінде биыл 4,3 млн текше метр су сорылды, 600 мыңнан астам құм салынған қаптар төселіп, 800 шақырымнан астам арық тазартылды. Алдын ала 383 адам эвакуацияланды.  51 мыңнан астам мал қауіпсіз орындарға айдалды, барлығы кері қайтарылды. Өңірлерде 590 шақырым қорғаныс бөгеттері мен біліктеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп нығайтылды, 164 шақырым дренаж жүйесі жөнделіп салынды, 658 шақырым каналдар мен арықтар тұрғызылды. Өзен арналарындағы 360 шақырым жағалау бекітіліп, түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді, 190 шақырым өзен аумағы тазартылды.

Алайда баяндамадағы сандардың арғы жағында шын мәнінде атқарылған жұмыстар тұр ма? Үкімет басшысы Ақмола облысы бойынша бір мысалмен ғана күмән келтірді. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Ескі Қалқұтан ауылында Қалқұтан өзенін тазарту, жағалауын бекіту және тереңдету жұмыстары 3 шақырымдай ғана учаскеде жүргізілген. Ал жоба бойынша 11 шақырым бекітілуге тиіс болатын. Салдарынан өзен арнасынан асып, үйлерді су басып қалды. Су деңгейі үлкен де емес, оған тосқауыл қоюға болатын еді. Сонымен қатар Макинск қаласына да су жайылды. Жергілікті билік қажетті шараларды уақтылы қабылдамаған. Айта кетейік, өңірде дәл осы елді мекендерді жыл сайын су басады. Демек Ақмола облысында қабылданып жатқан шаралар тиімсіз. 

Су тасқыны кезеңіне қатысты да Премьер-министр 5 тапсырма берді. Су басу қаупі жоғары өңірлер мен ондағы гидронысандарды бақылау, су бүлдіріп кеткен жолдарды қалпына келтіру, су тасқынын болжау мен модельдеуді жалғастыру. Ал су тасқыны зардаптарын жою және тұрғындарға көмек көрсету бойынша нормативтік жұмыстарды аяқтауға бір апта уақыт берді. 

Берік Дүйсенбай, тілші: 

- Былтырғыдай алапат тасқын жоқ абырой болғанда, бірақ өртпен күрес оңай болмайтын сияқты. Үкіметте биыл қайтсек оған жол бермейміз деп жиналғанын қайдам, шығыстағы Зайсан ауданында 2 мың гектар қамыс жанып кетті. Жер батпақ, тікұшақтың көмегімен оқшауланды. Жалпы Шығыс Қазақстанда соңғы 3 тәулікте ғана 150-ден аса дала өрті тіркелген екен. Биылғы жылдың өрт қауіптілігі кезеңі осылай басталып жатыр. 

Берік Дүйсенбай, Ерзат Зайытханұлы