Петропавлда 371-атқыштар дивизиясының жауынгері тұрады

  • 204
  • 16.04.2025, 18:50

Фёдор Щеглов қан майданға 17 жасында аттанып, Германиядағы шайқастарға қатысқан. 

Фёдор Щегловтың әуелі әкесі мен екі ағасы майданға аттанды. Кейін өзі де қолына қару алды. Ол 371-атқыштар дивизиясы қатарына қабылданған. 

Фёдор Щеглов, соғыс ардагері:

- Мені соғысқа қараша айының қара суығында алып кетті. Қар жауып, күн аяз болды. Петропавлдан бір топ жігіт болып Уфадан 37 шақырым жердегі «Алкина-2» станциясына тоқтадық. Осылай майданның ортасына түстік. Енді ондайды көрсетпесін. Бейбіт күн болсын.

Қарт майдангер Жеңіс күнінен кейін Жапонияға қарсы соғысты. Үйіне аман-есен оралған ол құрылыс саласында еңбек етті. Биыл 98 жасқа келеді. Бірақ әлі тың. Қимылы да ширақ. 

Надежда Гордеева, соғыс ардагерінің қызы:

- Біздің отбасыда Жеңіс күні ең қастерлі мереке. Мамырдың 9-ы жақындарымызбен жиналып, әкемізге құтты болсын айтамыз. Ол соғыс жайлы көп айтқысы келмейді. Тек немерелері ес білгенде бірен–саран естелігімен бөліскені бар.

Солтүстік Қазақстан облысында 3 соғыс ардагері қалды. Үшеуі де Петропавлда тұрады. Мереке қарсаңында оларға 5 млн теңгеден беріледі.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков