Елдегі ең алғашқы өрт сөндіру бөлімі Оралда орналасқан

  • 125
  • 17.04.2025, 18:40

Бүгін өртке қарсы күрес қызметі мамандарының төл мерекесі. От-жалынның ортасына қаймықпай кіріп, адам өмірін арашалап жүрген өртсөндірушілер қандай құрметке де лайық. Еліміздегі ең алғашқы кәсіби өрт сөндіру бөлімі осыдан 160 жыл бұрын Орал қаласында жасақталыпты. 

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Біз қазір көріп тұрғандарыңыздай, еліміздегі ең ежелгі өрт сөндіру бөлімінің өрт бақылау мұнарасына көтерілдік. Бұл мұнара өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін, яғни телефон жаппай қолданысқа енгенге дейін пайдаланылған. Ол кезде қала шағын болған. Қазіргідей 5 қабат, 9, 12 қабатты ғимараттар болмаған. Бүкіл қала осы жерден алақандағыдай көрінген. Қай жерден түтін шықса, өртсөндірушілер сол жерге тезірек жетуге тырысқан. 

Сол кездегі ғимарат қазір де қаз-қалпында сақталған. Ол замандағы ат-арба, бөшке мен қолсорғының орнын заманауи техникалар басса, сол шақтағы атқораның орнында өрт сөндірушілер мұражайы орналасқан. Мұндағы әрбір жәдігерде өткен ғасырдағы құтқарушылардың алақанының табы қалған. 

Наталья Гуркина, өрт сөндірушілер мұражайының меңгерушісі:

- Гагарин аялдамасында орналасқан өрт сөндіру бөлімін архив құжаттарымен дәлелденген ең көне бөлім деп сенімді түрде айта аламыз. Жалпы Оралдағы өрт сөндіру қызметінің тарихы одан да ерте басталады. 1804 жылы шаһарда алғаш рет брадмейстер, яғни өртке қарсы күзет бастығы қызметі енгізілді. 

Орал қаласы тарихында сұрапыл өрттер аз болмаған. 1751 жылы қала тұтас отқа оранған. Ал 1879 жылы шаһар үш рет жанады. Алғашқысында 819 үй, екіншісінде 350 баспана өртенген. Үшінші өрт көпес Рассохинның ауласынан шығып, жел солтүстік-шығысқа қарай соққанда қаланың жартысынан астамы күлге айналады. 

Наталья Гуркина, өрт сөндірушілер мұражайының меңгерушісі:

- Бұрынғы өрттер тұрғындардың күшімен өшірілетін еді. Оларға әскери бөлімдер көмекке келетін. Алайда олардың тәжірибесі болмағандықтан,  кәсіби өрт сөндіру қызметіне қажеттілік туындады. 1865 жылы Үлкен Михаил көшесінде өрт сөндіру бөлімі бой көтерді. 

Бүгінде көне ғимаратта №5 сөрт сөндіру бөлімі орналасқан. Мұнда 6 арнаулы техника бар, 60 құтқарушы еңбек етеді. 

Нұртілек Амангелдиев, №5 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері:

- Бала кезгі арманым өртсөндіруші болу. Осы арманның жетегінде осы салада қызмет ету бұйырған. Адамдарға көмектескен сайын қатты қуанып, іштей қатты риза боламыз. 

1865 жылы салынған Михаиловская өрт сөндіру бөлімшесінің ғимараты бүгінде 19 ғасырдың сәулет ескерткіші ретінде мемлекеттік қорғауға алынған. 

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақырап