Алматыда әскерилер соғыс ардагерін ғасырлық мерейтойымен құттықтады

  • 155
  • 17.04.2025, 18:47

Алматының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қызметкерлері соғыс ардагері Иван Бегуновты ғасырлық мерейтойымен құттықтады. Майдангердің 100 жасқа толуына орай, үйінің ауласында әскери оркестр соғыс әндерін ойнады. Ардагерлер кеңесінің өкілдері мен туыстары да жылы лебіздерін жеткізді.

Иван Бегунов соғыста пулеметші болған. Еуропаны фашистерден азат етуге қатысып, Жеңіс күнін Прагада қарсы алады. Әскери қызметшілер Қорғаныс министрінің құттықтау хатын оқып берді. Майданнан аман-есен оларған Бегунов көп жыл құрылыс саласында адал еңбек етті. Ұл-қыздарынан немере, шөбере-шөпшек сүйді.

Иван Бегунов, соғыс ардагері:

- Өзімді өте жақсы сезініп тұрмын. Жастарға айтарым — адал қызмет етсін. 9 мамыр – Жеңіс күнін асыға күтіп, теледидардан тамашалаймын.

Сайран Омарбеков, Медеу аудандық Қорғаныс істері жөніндегі басқармасы  тәрбие және идеологиялық жұмыс тобының басшысы:

- 100 жас мерейтой бұл тек қана жеке мереке ғана емес. Бұл тірі тарих парағы. Мұндай жандардың біздің арамызда өмір сүруі нағыз патриотизм, ерліктің және отанға деген жарқын үлгісі деп білеміз.