Солтүстік Қазақстан облысында былтыр ғана ашылған фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істемей тұр.
Советское ауылындағы медициналық нысанның қабырғалары жарылып, қайта жөндеуге жабылған. Бұл осылай сапасыз салынған жалғыз жаңа ғимарат емес. Чистовское ауылындағы емдеу мекемесінің төбесінен су сорғалап, сылағы түсіп жатыр. Мағжан Жұмабаев ауданындағы бұл екі нысан «Ауылдың денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтерген. Олардың құрылысына бюджеттен 400 млн теңге бөлінген. Енді мердігер ұйым барлық кемшілікті кепілдік бойынша қалпына келтіруі тиіс.
Азамат Шәріпов, Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары:
- Бұл ғимараттың жабылған себебі – күн жылынғаннан кейін екі қабырғаның асты отырып қалған. Сондай кепілдендірілген міндеттеме ретінде мердігер «КлимИнженеринг» жөндеу жұмыстарын істеп жатыр. Айтуы бойынша осы аптаның ішінде бітеді. Одан кейін ол сыртқы жұмыстарын жасайды.