Астанада аквариумистика саласы бойынша екінші халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда балықтардың жасанды өсімін молайту, аквариумдағы экожүйені басқару, акулаларды диагностикалау мен емдеудің тиімді әдістері сөз болды.
Елорда төріндегі «Ailand» океанариумы Гиннес рекордтар кітабының тізімінде. Ол теңізден ең шалғай жерде, 3000 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан әлемдегі жалғыз океанариум. Мұнда 2500-ден астам гидробионт мекендейді. Дәл осы кереметті көруге жылына әлемнің 35 елінен 500 мыңнан астам қонақ келеді. Ал бүгінгі халықаралық конференцияда теңіз гидробионттарын күтіп ұстау және өсіру жайы сөз болды.
Андрей Кочнев, «Акватерикс» ЖШС компаниясының бас директоры, Ресей:
- Бүгінгі конференцияда мен океанариумдағы нысандарды жобалау мен жаңғырту жайында баяндама жасадым. Байқағаным, Қазақстанда аквамәдениетке деген қызығушылық жоғары. Сондай-ақ Қазақстандағы океанариум Ресейдегі океанариумдарға қарағанда әлдеқайда үлкен.
Екінші рет ұйымдастырылып отырған халықаралық конференцияға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Индонезия мамандары қатысып отыр. Отандық «Ailand» океанариумының ұжымы медузаларды, балықтарды және гидробионттардың өзге түрлерін табысты өсіру тәжірибелерімен бөлісті. Сарапшылар әртүрлі климаттық аймақтардан әкелінген балық түрлері үшін логистика, бейімделу және экожүйені қолдауға байланысты қиындықтар туралы да айтты.
Данияр Мынбаев, «Ailand Astana» ЖШС Океанариум және аквариумистика бөлімінің басшысы:
Мұндағы мақсаты – аквариумистика саласындағы тәжірбиелі және білікті мамандардың басын қосып, пікір алмасу. Түйткілді мәселелердің шешімін бірге табу. Аквамәдениетті қалыптастыру.
Сондай-ақ Астанадағы су экожүйені зерттеуге және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға сеп, - дейді мамандар.
Алуа Маханбет, Әлия Тәжібай, Азамат Сәметов