Алкогольді сусынды тұтыну былай тұрсын, сатуға да қарсы.
Екібастұз қаласының маңындағы елді мекен тұрғындары мен жергілікті атқарушы билік өзара меморандумға қол қойған. Бұл шешім өңірдегі қылмыстың азаюына қаншалықты сеп болды?
Құлакөл ауылы ішімдіктен бас тартқан 15 ауылдың бірі. Дүкендерде алкогольді сусындар мүлде сатылмайды. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай шешім ерікті түрде қабылданған. Ішімдіктен бас тартудың нәтижесі де жоқ емес. Халқы салауатты өмір салтын ұстанған елді мекенде заңбұзушылық тіркелмейді.
Азамат Хабдулинов, Құлакөл ауылының учаскелік инспекторы:
- Осы дүкен иесімен біз арнайы келісім жасап, алкогольден бас тарттық. Олар да өздерінің ұсынысын айтып, келісіп, бізбен қазіргі таңда алкоголь бізде жоқ деуге болады. Ішімдік болған жерде ұрлық, зорлық-зомбылық болуы мүмкін.
Құлакөл ауылында 500-ден астам халық тұрады. Ішімдіктен бас тарту туралы тұрғындардың ұсынысына жергілікті кәсіпкерлер қолдау білдіріп, дүкендерінде алкаголь саудасына тыйым салды.
Махаббат Қожина, ауыл тұрғыны:
- Мен осы Құлакөл ауылында 10 жылдай уақыттан астам осында тұрып жатырмын. Мектеп қабырғасында жұмыс жасаймын. Жалпы ауыл тыныш, жақсы. Өзіме ұнайды. Дүкенде арақ-шарап сатылады дегенді мен естіген жоқпын.
Шолпан Биязбекова, ауыл тұрғыны:
- Бұрын бір отбасы ішіп, мазаны ала беретін. Қазір мына ақырғы екі жылда ондай мәселе жоқ.
Ауылда спорттық сайыстар мен әдеби-музыкалық кештер жиі ұйымдастырылады. Табиғат аясында демалып, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге уақыт бөлетіндер қатары артқан. Тұрғындар мұны өзге ауылдарға үлгі етеді. Әсіресе жастар жағы жағымсыз әдеттерден бойын аулақ ұстағанын қалайды.
Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев