Жеңісті Берлинде қарсы алған соғыс ардагері

  • 82
  • 18.04.2025, 19:42

Түркістан облысында 99 жастағы соғыс ардагері Анарбай Мырзахметов, әлі күнге дейін газет-журнал оқиды. Қарт майдангер ескі суреттердің соңындағы естелік жазбаларға көз жүгіртіп, қарулас достарын есіне алып отырады.

Анарбай Мырзахметов 1926 жылы Қарабау ауылдық округіне қарасты Сынтас елдімекенінде дүниеге келген. Соғыс басталғанда 15 жаста болыпты. 1944 жылы 18-ге толған соң, бірден әскер қатарына шақырылған. Ғасыр жасаған қария майданда болған жерлерін ұмытып қалғандықтан, бізге қағаздан өзі оқып берді.  

Анарбай Мырзахметов, соғыс ардагері:

- Семей қаласында 1 айлық дайындық курсынан өттім. Содан Польшаның Варшава қаласына барып 1-ші Беларусь фронтына қатыстым. Одан кейін Реко Одер, Эльба өзеніне, Магденбург, Берлин қалаларында болдым.

Анарбай ақсақал Берлинді алуға қатысып, көптен күткен жеңісті сонда қарсы алған. Соғыс аяқталған соң қираған қаланы қалпына келтіру жұмыстарына атсалысып, елге 1950 жылы оралды. Келген соң жұбайы Шамен апамен шаңырақ көтеріп, тұралаған мал шаруашылығы саласын дамытуға күш салды. Ұл-қыз өсіріп, қатарға қосты.

Шамен Мырзахметова, А.Мырзахметовтың жұбайы:

- 14 құрсақ көтердім. Оның 4-і кетті, 10-ы бар. Соларды асыраймыз, бағамыз деп осы жасқа келдік. Қыздарды ұзаттық, балаларды үйлендірдік. Ашуы қатты еді, тік мәнезді. Шарт-пұрт, жыны келсе жұлып алып тастайтын. Қыздарға тиген жоқ, ұлдарға қатал болды.

Бүгінде Анарбай ата мен Шамен апа ұл-қыздарынан 47 немере, 93 шөбере, 2 шөпшек сүйіп отыр.

Динара Барақова, А.Мырзахметовтың келіні:

- Атамыздың жағдайы жақсы, денсаулығы мықты. Дәрігерлер келіп, атаның жағдайын біліп тұрады. Көп қимылдағанның арқасы былтырғы күнге дейін қолынан кетпен-күрек түскен емес.

 Қазіргі күні Түркістан облысында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандар мен оларға теңестірілген 3 305 адам бар. Оның сегізі соғыс ардагері. Қан майданға Түркістан өңірінен 140 мыңнан астам азамат аттанып, оның 70 мыңы ғана елге аман-есен оралған. Жеңістің 80 жылдығына орай әр соғыс ардагеріне 5 млн теңгеден беріледі.

Авторлар: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.