Петропавл қаласында бүтін бір отбасы тұратын үй Есіл өзеніне құлағалы тұр. Жардың жиегі опырылып, баспанаға жақындап қалған.
Петропавл қаласының тұрғыны Қабдір Нұржанов бұл үйді 2011-ші жылы сатып алды. Ол кезде жардың жиегі үйден алыс болған. Ал қазір тура қоршаудың түбіне жақындап қалған. Кіреберіс қақпасы құлаудың алдында тұр.
Қабдір Нұржанов, қала тұрғыны:
- Жер көп болды. Мұнда бір бес метрдей болған жер. Жол болған, жүретін жол болған. Осы міне, жаңбыр жауды, жаңбырдан кейін тіпті кетті жер. Кетіп жатыр. Қоршауды қысқарттым. Анау қоршауды 3 метрге кесіп алдым.
Қала тұрғыны жергілікті әкімдік, төтенше жағдайлар қызметі мен партияларға арыз жазды. Бірақ тұшымды жауап ала алмаған. Шенеуніктер: «әзірге үйді сүріп тастауға ешқандай да негіз жоқ», - деп отыр. Сондықтан жардың жиегін нығайтып бермек.
Әсем Айтулова, қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы:
- Жұмабаева 331 мекенжайы үйдің құлауына қауіп жоқ. Сондықтан да ол үй әлі қала береді. Тағы да бір мекенжай бар. Ол үйде қауіп бар. Яғни үйдің құлауына қауіп бар. Сондықтан да ол көшірелетін болады.
Биыл жардың жиектерін нығайту үшін қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, жобалық-сметалық құжат әзірленеді. Ал жұмыс келесі жылы басталуы мүмкін.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов