Қосшыда электр станциясы іске қосылады

  • 26
  • 22.04.2025, 18:34

Астананың іргесіндегі Қосшы қаласында көпқабатты үйдің тұрғындары жарыққа жарымай отыр. Электр қуатына жауапты мекеме ескертусіз жарықты сөндірген. Бұл тұрғын үй 3 жыл бұрын пайдалануға берілсе де, әлі күнге дейін электр қуатын тұрақты жеткізетін қосалқы станса мәселесі шешілмеген.Тұрғындар бұл жағдайдан шаршағандарын айтып, тиісті органдардан нақты шешім талап етіп отыр.

Қосшы қаласының 6 тұрғыны электр қуатын жеткізуші ұйыммен ешқандай келісімшарт жасалмағанын, сондай-ақ тариф мөлшері туралы нақты ақпарат берілмегенін айтады. 

Нұрдәулет Қалдаров, қала тұрғыны:

- Үйді салғаннан кейін барлығымен коммуналдық қызметтер бойынша  келісімге отыруымыз керек. Ал жарыққа келгенде, келісімге келетін ешкім жоқ. АРЭК-ке барсақ, олар біз алған жоқпыз, - дейді. Ескі «застрощик» үйді салды ғой. Сол КТП-мен отырмыз.Ол «аварийнный», қыста 2-3 рет жарылды. Жарылғаннан кейін жарықсыз қалдық. Кеше келді де, біздің жарықты өшіріп кетті. Ешқандай бізге айтқан да жоқ. 

Айжан Төтенова, қала тұрғыны:

- Бізге жіберген хабарландыруда не қол жоқ, мөр жоқ. Бұл заңсыз. Азаматтық Кодекстің 387-бабына сәйкес және Электроэнергетикасы бабына сәйкес олар келіп, ешқандай жарықты өшіріп кетуге ешқандай құқықтары жоқ. Менің өзімде 2 бөлмелі үй, менің өзіме 145 мың теңге счет жіберіп отыр. Енді келіп түсіндіріңдер деп сөзге шақырсақ, бізбен келіссөзге келуге ниеттері жоқ. 

Қосшыдағы жарық мәселесінің түп-төркіні — қаржы тапшылығында. 2023 жылы жауапты әкімдік электр тарату станциясын салу үшін мемлекеттен қаржы сұраған, алайда ақша бөлінбеген. Бұған дейін жауапты болған «Электр желісі» компаниясы былтыр сәуірден бастап тарифті 19 теңгеден 40 теңгеге көтеретінін хабарлаған. Халықтың наразылығынан кейін бұл компания қызметін тоқтатып, орнына «Жас құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестік келіпті.

Нұрлан Садыров, Қосшы қаласы әкімінің орынбасары:

- Қаражатқа байланысты біз бюджетке өтінім жібергенбіз. Бірақ қаражат берген жоқ. Егерде былтыр бастасақ, жылдың аяғаны дейін бітіруші едік. Бірақ 666 миллион теңге қаражат биыл ғана берілді. Толық бөлінді, тамызға дейін толық игеріледі. 

Қосшы әкімінің орынбасары тамыз айына дейін жаңа электр тарату станциясы қолданысқа беріледі деп уәде берді. Сонымен қатар бір жылдан бері жарыққа төлем жасамаған 9 тұрғынның қарызы 600 мың теңгеге жуық. Олар енді бұл соманы пайызсыз үш айға бөліп төлей алады. Содан кейін Ақмола электржелілік үлестіру компаниясының ресми тұтынушысы бола алады. 

Диана Қадыр, Дархан Кунтуов