Жамбыл облысында соғыс ардагеріне құрмет көрсетілді

  • 26
  • 22.04.2025, 18:33

Биыл Жамбыл облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығын 6 ардагер қарсы алмақ. Солардың бірі 98 жастағы Иван Макеев. Ғасыр жасаған қария әлі де тың. Соғыс ардагеріне әскерилер құрмет көрсетті. Үй ауласын абаттандырып, қоқыстан тазартты. 

Иван Макеев 1944 жылы 17 жасында соғысқа аттанған. Жас сарбаз алдымен мергендік пен жауынгерлік дағдыларды үйренген. Майданда барлаушы болып Жапониядағы соғысқа қатысты. Мукден, Харбин қалаларын азат етті. «98-ге келсем де, отты жылдардың естелігі әлі көз алдымда», – дейді ардагер.

Иван Макеев, соғыс ардагері:

- Мен көптеген медаль мен төсбелгі алдым. Бірақ мен үшін ең маңыздылары — Отан соғысы үшін, Жуков медалі мен Жапонияны жеңгеніміз үшін таққандары. 600 мың әскерге қарсы соғысып, қаруластарымызбен қысқа уақытта оларды жеңе алдық. Бұл соғыста бір адамның емес, барлығының еңбегі ерен. Енді соғыс болмасын, жастарға айтарым — елге қалтқысыз еңбек ету қажет.

Иван Фёдорович жеңісті Моңғолияда жүріп қарсы алды. Жапония капитуляциясынан кейін де әскери қызметін жалғастырып, тек 1951 жылы елге оралды. Соғыстан кейін ішкі істер бөлімінде 30 жылдан астам қызмет етіп, подполковник шеніне дейін жетті.

Ольга Макеева, соғыс ардагерінің қызы:

- Мен өзімнің ата-анамды мақтан тұтамын. Қазір әкемнің жасы 100-ге жақындаса да, соғыс жылдарын ұмытпай айтып отырады. Бұл кісілердің еңбегі орасан. Жас жауынгерлер, әскери қызметкерлер Отанға қызмет ету жолында осы кісілерден үлгі алу керек деп ойлаймын.

Ғасырға жуық ғұмыр көрген қарияға әскерилер де қолғабыс етуге дайын. Қорғаныс министрлігінің Жамбылдағы пайдалану бөлімі қызметкерлері ардагердің ауласын абаттандырды. Әскерилер тазалық жұмыстарымен қатар бүлінген баспалдақ пен жарылған қабырғаларды қалыпқа келтірді.

Бекежан Жақыпов, ҚР Қорғаныс министрлігінің Жамбыл аудандық пайдалану бөлімі РММ бастығының орынбасары:

- Жамбыл аймағында ардагерлер аз қалды. Сондықтан олардың көңілінен шығу үшін осындай шараларды жиі жасау керек. Себебі ол кісілер біз үшін, кейінгі ұрпақ үшін майданда күресті, барын салды.

Соғыс ардагері әр таң сайын әлі күнге жаттығу жасайды. Өмір бойы спортты жанына серік еткендіктен, ғұмырының ұзақ болғанын айтады.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә