Қазақстанда туристерге арналған TravelStan қосымшасы іске қосылады

  • 26
  • 22.04.2025, 18:37

Елімізде туризм саласының көптеген қызметтерін біріктіретін TravelStan қосымшасы жыл соңына дейін іске қосылады. Жасанды интеллектке негізделген цифрлық платформа туристерге қонақүйді брондауға, билеттерді сатып алуға, гидтер мен маршруттарды табуға, такси шақыруға көмектеседі. 

Алматыда бас қосқан сала мамандары туризмді технологиялар арқылы дамыту жайын талқылады. Туристтің сапары елге келместен бұрын басталады. Яғни ақпарат алады, түрлі брондау қызметтерін іздейді. Бұл ретте цифрлық платформалар таптырмас шешім, - дейді мамандар. Әзірге еліміздің төрт қаласындағы әуежайда такси, электронды СИМ-карта, қонақүй брондау, тіркелу қызметтері жинақталған туристерге арналған QR код жүйесі  енгізілуде. Ал толыққанды қосымша іске қосылса, Қазақстанның туризм саласындағы бәсекеге қабілеттілігі де арта түседі.

Даниел Сержанұлы, «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ  басқарма төрағасының орынбасары:

- Мысалы, былтыр бізге 15 миллион шетелдік келді. Оның 10 миллионы бізде турист ретінде елімізде қалып, бір күннен артық уақыт өткізген. Бірақ оның қонақүйде қалғандары 16 пайыз ғана. Қалғандары пәтерлерде, басқа орналастыру орындарынада қалған. Осылардың жүйелерді енгізу арқылы біз туристеріміздің цифрлық портретін көретін боламыз.