Атырау облысындағы Аққыстау ауылында үш үйдің құрылысы 6 жылдан бері тоқтап тұр. Мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан құрылыстың іргетасы бітпей жатып жарылып кеткен. Әкімдік жауапсыз мердігерді сотқа берген. Мәселенің қашан, қалай шешілері әзірге беймәлім.
Аққыстау ауылынан 3 бірдей 60 пәтерлік үй бой көтере бастағанда баспана кезегінде тұрғандар қатты қуанған еді. Алайда құрылыс созылған сайын халықтан маза кетті. Солардың бірі жалғызбасты ана Гүлнәр Малдыбаева. Ол 12 жыл бұрын үй кезегіне тұрғанын айтады. Құрылыстың кешігуі салдарынан бес баласымен ағайынның үйін паналауға мәжбүр.
Гүлнәр Малдыбаева, Аққыстау ауылының тұрғыны:
- Үй жалдап келе жатырмын 10 жылдан бері. Қазір жалақым аз болған соң жездемнің үйінде тұрып жатырмын. Қыздарым студент. Қиын.
Сапасыз салынған үйлер қаңырап бос тұр. Басында дұрыс құйылмаған іргетастың үстіне қаланған қабырғалар жарыла бастапты. Жобаға тапсырыс берген аудандық құрылыс бөлімі жұмысына жауапсыздық танытқан мердігер компанияны сотқа берген.
Алтынбек Қуанғали, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Мердігер мекеме «Газстройбаза ЛТД» мекемесі. Жобаның құрылысы 2,9 млрд теңгені құрайды. Қазіргі кезде қалып тұрған сомасы 800 млн көлемінде. Қазіргі кезде жобаның мердігер мекемесімен сот процедуралары жүріп жатыр.
Соттың қашан аяқталары белгісіз. Сондықтан жергілікті билік баспана мәселесін шешу мақсатында 60 пәтерлік көпқабатты 4 үйдің құрылысын қолға алған. Оның алғашқысы таяуда пайдалануға беріледі.
Нұрберген Өтегенов, Исатай ауданы әкімінің орынбасары:
- 60 пәтерлік 1 тұрғын үйдің құрылысы аяқтала келді. Қазір айналасын абаттандыру инфрақұрылым жұмыстарын жүргізу жүріп жатыр. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында пайдалануға беру жоспарлап отырмыз. Одан бөлек, биыл аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 28 пәтер сатып алуды жоспарлап отырмыз.
Исатай ауданы бойынша 900-ден астам отбасы баспана кезегінде тұр. Әкімдік мамандарының айтуынша, жыл соңына дейін 90 адам қоныстойын тойламақ.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин