Бауырымен жорғалаушылар тұрғын үй мен аулаларға кіріп, жұрттың үрейін ұшырып жатыр. Соңғы айда жедел құтқару жасағының көмегіне 13 адам жүгінген.
Мамандар улы шұбар, оқ жыландарын аулағанын айтады. Ұсталған жорғалаушылар арнайы құралдардың көмегімен қала сыртына шығарылған. Сондықтан табиғат аясына серуенге шыққанда тұрғындардың абай болғаны абзал. Былтыр көктем, жаз айларында 286 жылан ұсталған.
Рауан Дүйсенбеков, қалалық ТЖД Жедел құтқару жасағы бастығының орынбасары:
- Қазір Шымкент қаласы үлкейіп кетті ғой. Кейінгі салынған шағын аудандарда, сырт жақтардан көп шақырту түседі. Бір үйге 3-4 мәрте барған кезіміз болған. Арнайы қызметке, мамандарға жүгініп, қоңырау шалып, көмек сұраған дұрыс.