Балқаш көлінің су деңгейі көтерілді

  • 102
  • 25.04.2025, 18:49

Балқаш көлінің су деңгейі 12 сантиметрге көтеріліп, көлемі 2 млрд текше метрге дейін ұлғайды. Су ресурстары және ирригация министрлігінде атап өткендей, судың молаюы өңірдің экологиялық ахуалына және Іле өзенінің сағасына оң әсер етеді. Қапшағай су қоймасы толтырылса, Ақдала және Шеңгелді суармалы алқаптарында суару маусымы, тиісінше, ойдағыдай өтеді. Ведомство басшысы келесі аптада Франциядан келген сарапшылармен Балқашты сақтау жөніндегі 2040 жылға дейінгі жоспар талқыланатынын айтты. Еске сала кетсек, көл алабын бірлесіп зерттеу туралы келісімге былтыр қол жеткізілген еді.

Еріс Исмаилов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің бас маманы:

-2025 жылдың басынан бастап бүгінге дейін Алматы облысының Қапшағай суқоймасынан Балқаш көліне 3.8 млрд текшеметр су жіберілді. Ал былтыр бұл көрсеткіш осы кезеңде 2 млрд текшеметр болатын. Балқаш көліндегі су көлемі трансшекаралық Іле өзеніне байланысты. Өзен ағысы Қапшағай суқоймасы арқылы реттеледі. Биыл суқоймасынан Балқашқа 12 млрд текшеметр су жіберу жоспарланып отыр.