СҚО-да бөгет нығайтылды

  • 58
  • 25.04.2025, 18:43

Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзені күрт көтеріліп, Тепличный ауылына қауіп төндіріп тұр. Қазір ернеуінен шыққан су бөгеттің деңгейіне жақындап қалған. Осыған байланысты жедел әрекет ету штабы құрылып, топырақ үйіндісін нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Бұл Петропавлдың жанындағы Тепличный ауылы. Мұнда мыңға жуық адам тұрады. Былтырғы тасқыннан кейін елді мекенде 5 шақырым бөгет салынған. Қыстан кейін оның кейбір тұстары «отырып», өзен суы бергі бетке өтіп кете жаздады. Бірақ төтенше жағдайлар департаменті мамандары мен әскери қызметкерлер және қарапайым ауыл тұрғындар тасқынның алдын алды. Олар топырақ үйіндісін қап-қап құммен көтеріп тастады. 

Ерден Балғынбаев, ҚР ҰҰ Академиясы бастығының орынбасары:

-Ұлттық Ұлан академиясынан кешелі бері кешкі сағат 8-ден түнгі сағат 2-ге дейін 200 адам жұмыс істеді. Ауысыммен 2-ден таңғы 8-ге дейін 200 адам келді. Үшінші ауысым таңертеңгі 8-ден қазіргі уақытқа дейін жұмыс атқарып жатырмыз. Су деңгейі баған келіп өлшегеннен бері орнында тұр. Ешқандай өзгеріссіз.

Қазір өңірде көктемгі тасқынның үшінші толқыны өтіп жатыр. Есіл өзені Қызылжар ауданы мен Петропавлда көтерілген. Ал Сергеев су қоймасының деңгейі біртіндеп түсіп келеді. 

Евгений Журавлёв, облыстық ТЖД баспасөз хатшысы:

-Есіл өзенінің суы әлі де келіп жатыр. Бірақ біз оған дайынбыз. Жағдай қатаң бақылауда. Үйлерді су басқан жоқ. Бөгетті нығайту жұмыстарына 1300 адам мен 111 арнайы техника жұмылдырылған.

Есіл өзенінің жайылуынан іргелес Прибрежный ауылы «аралға» айналды. Үйлер судан аман. Бірақ жол қозғалысына шектеу қойылды. Әзірге тұрғындар төтенше жағдайлар қызметінің көліктерімен қатынайды. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков