Астанада қала тазалығы мен көгалдандыру жұмыстары қарқындады

  • 95
  • 25.04.2025, 18:54

Астанада көктем келісімен қала тазалығы мен көгалдандыру жұмыстары қарқын ала түсті. сҚала келбетін көркейтуге жастар да өз үлесін қосуда. Ал әкімдік биыл 1 миллионнан аса жасыл желек егуге ниетті.  

Биік ғимараттармен алыстан көз тартатын Астана күннен күнге көркейіп келеді. Бірақ құрылысы қызған шаһарда шаң-тозаң мен қоқыстың артуы да заңдылық. Қыс бойы қармен алысқан коммуналдық қызметкерлер 1 сәуірден бері күнде жол бойын сыпырып, тазалап жүр.

Медеу Уахитов, «Астана Тазалық» ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің бас маманы:

- 615 техника жұмылдырылған. Оның 342-сі күндізгі уақытта, 188-і түнгі уақытта жұмыс істеп жатыр. Соңғы тәулікте 729 адам жұмылдырылған. Оның 615-і күндізгі, қалғаны кешкі уақытта.

Қонағы көп қалада қарекет көп. Орта есеппен күніне 100 тонна қоқыс шығарылады. Астананың шеткері бөліктері мен жеке секторлары да назардан тыс қалмайды.

Адам көркі – шүберек болса, дала көркі – көк желек. Кейінгі жылдары көгалдандыруға да ерекше көңіл бөлініп келеді. Әрі бұл іске коммуналдық қызметкерлерден бөлек, жас буын да белсене кіріскен. Мәселен, мектеп оқушылары көшет отырғызуды жылдық дәстүрге айналдырыпты.

Роза Болатаева, №60 мектеп-лицейінің директоры:

- Мақсаты – отбасында ата-анасының балаға қолдау көрсетуі, экологиялық тәрбие, қоршаған ортаны аялау, күту, өзінің мектебін, ауласын таза ұстау, көгалдандыру бойынша сондай сезімдер қалыптастыру.

Қолына күрек ұстаған жастар үшін бұл бастама – ыстық. Кішкене ғана көшеттің өзі үлкен жауапкершілік бастауы екенін түсінсе керек.

Нұрхан Төлеу, оқушы:

- Біздің мақсатымыз – мектептің айналасын көгалдандыру және мектебімізді көрікті қылу.

Әләминбап Шоман, оқушы:

-Біз қазір 7-сыныпта оқимыз. 11-сыныпта, мектеп бітіру кешінде, өз еңбегімізге қарап, тамсануымыз керек.

Қалалық әкімдік өкілдері жыл сайын 1 миллионнан астам көк желек отырғызатындарын айтады. Биылғы жоспар да ауқымды: 65 мың ағаш, 800 мың бұта, 272 мыңнан астам гүл егу міндеті тұр.

Сағыныш Сағынтаев, қала әкімдігінің қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының көгалдандыру және табиғатты пайдалану бөлімінің бас маманы:

-Қала аумағында 1,1 миллион ағаш отырғызылады. Ағаш дегенде: ағаштар, бұтатектес өсімдіктер, көпжылдық өсімдіктер, газондар. Бұл үлкен жұмыс. Өзіңіз білесіз, қаланың аумағында ағаш отырғызудан бөлек, бүгінде өсіп жатқан ағаштар да бар. Олардың саны 2,9 миллион жасыл желек. Соны абаттандыру және күту жұмыстарын әкімдік жыл бойы жүргізеді.

Осылайша, жайқалып өскен тал мен жайыла төселген жасыл желек көлемі жылдан жылға көбейіп келеді. Демек Астана ажары жаз келсе, бүгінгіден де құлпыра түспек.

Дана Әлиева, Самат Оспанов, Бауыржан Ебелеков