Ерлік - елге мұра, ұрпаққа ұран. Кешегі соғыста бабалар төккен қан - бүгінгі тыныш өміріміздің өтеуіндей. Жас ұрпақ осыны ұмытпау үшін Ұлттық қорғаныс университетінде жиын өтті. Онда тарихи жадымызды сақтаудың, жас ұрпақты батырлар үлгісімен тәрбиелеудің маңызы айтылды. Әсіресе сұрапыл соғыс жылдары майдандағы қырғыннан бөлек, еңбек даласында да әйелдер мен балалар Жеңісті жақындатуға аянбай үлес қосты. Жастарға әйгілі қазақ батыры Нағи Ілиясовтың немересі айтқан әңгімелер де қызықты болды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, мұндай іс-шаралар патриоттық рухты нығайтып ғана қоймай, әскери өнердің болашақ бағытын бағамдауға сеп болады.
Асқар Досбосынұлы Мұстабеков, ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы:
-Осы Отан соғысындағы жеңіс тек қана соғыс аланыңда ғана болып қойған жоқ, бұл енді біздің Қазақстанымыздың жерімізде үлкен экономикалық тыл, сондай бір үлкен бір іс-шаралар өткізілуде. Өйткені бүкіл қазақ халқы, Қазақстан халқы осы іс-шараға бір ауыздан қатысып, соғыстың азық-түлікпен, оқ-дәріменен, киім-кешекпен қамтамасыз етуі соғысты жеңіске жетуге бүкіл Қазақстан халқы атсалысты деуге болады.
Ильясов Бегім-Мұрат Нұрланұлы, техника ғылымының кандидаты:
-Отан соғысының 80 жыл жеңісіне арнап, осы баяндамамды жастарға үлгі боп, бұл соғысты қайталамау. Осы атамыздың қан терін төгіп, бейбітшілік өмірінде сақтап, біздің мына өсіріп жатқан өмірімізде де осыны сақтап, келешекте болашақ ұрпақтарға қалдыруымыз керек деп ойлаймын.