Жасанды интеллект жүйелері қауіп деңгейі бойынша реттеледі

  • 33
  • 25.04.2025, 18:50

Жасанды интеллектке жеке тұлғаның эмоциясын өз келісімінсіз анықтауға тыйым салынады. Нейрожүйе азаматтың жасын, мүгедектігін, осалдығын пайдалана алмайды. Барлық жасанды интеллект жүйелері қауіп деңгейі бойынша реттеледі. Бұл жайлы «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын талқылау кезінде мәлім болды. Құжат саладағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оның ашық, қауіпсіз және құқықтық-ұйымдастырушылық негізін белгілейді. Біз мұндай заңды ТДМ аймағында әзірлеп отырған алғашқы елміз. 

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Алдымен деректерді қорғауды жетілдіруіміз керек. Бұл құжатты әзірлеу барысында біз технологиялардың дамуын тежеуді емес, оны сүйемелдеуді, сонымен қатар қандай да бір құқықтық дәліз белгілеуді басшылыққа алдық. Технологиялар соның барысында дамуы керек. Құқықтық реттеусіз технологиялар да дамымайды. Өйткені бұл технологиялар ірі инвестицияларды талап етеді.

Енді «Масс-медиа туралы» заңға контенттің ЖИ көмегімен жасалғанын көрсету міндеті енгізіледі. «Дербес деректер туралы» заңнама болса құпия ақпаратты қорғау талаптарымен толықтырылады. Сондай-ақ Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте жасанды интеллект саласындағы заңбұзушылықтар үшін жауапкершілік енгізіледі. «Ақпараттандыру туралы» заңда мемлекеттік қызмет көрсетудегі жасанды интеллектке қатысты нормалар қарастырылады. Нейрожүйе жайлы әзірленіп жатқан құжат 7 тарау, 27 баптан тұрады. Ол деректерді қорғау, азаматтардың қауіпсіздігі, жасанды интеллект жүйелерінің ашықтығы және отандық технологияларды дамыту сияқты бағыттарды қамтиды. 

Тоғжан Қожалы, қоғам қайраткері:

-Жасанды интеллектің қолдану жағында адамдардың құқы болу керек. Мысалы, медицинадағы және соттағы немесе несие алудағы. Бұл заң шықса көптеген стартаптарымыздың да жолы ашылады. Бүкіл саладағы сарапшылардың ұсыныстары енгізіліп, осы саланы дамытады, жолын ашады деп үміттенеміз.