Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақстандық екі жауынгердің сүйегі туған жерге жеткізіліп, туыстарына табысталды. Іздестіру кезінде «Қызыл армия» жауынгері Оразғали Белубаев пен 8-ші авиациялық полктің радиотехнигі Петр Оконечниковке тиесілі құнды құжаттар мен жеке заттары табылған.
Atamnyn Amanaty ұйымының мәлімдеуінше, биыл елге 21 сарбаздың сүйегі жеткізіліпті. Айта кетейік, майданда хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық сарбаздардың саны 271 мыңнан асады.
Мәдина Сұлтанбекова, жауынгер Оразғали Белубаевтың туысы:
- Араға 82 жыл салып атамның мүрдесі табылып отыр ғой. Бейбіт өмірдің қасиетін, қадірін жете түсінетін сияқтысың. Бәрі ойыңа оралады. Мүрдесі табылғанына әрі қуаныштысың, әрі жүрек түкпірінде бір сезім жатады ғой. Шіркін, бейбіт өмір болса. Төрт ағайындыдан тараған немере, шөберелердің барлығы бұл кісіні күтуде.