28 сәуір — Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні

  • 74
  • 28.04.2025, 18:30

Елде жұмысшылардың талап-тілегін тыңдап, құқығын қорғайтын еңбек инспекциясы жұмыс істейді. 361 сала маманы 92 мыңнан астам кәсіпорынның жұмысын қадағалайды. Биыл олар 1 мың 300-ден аса тексеріс жүргізіп, 1 мың 600-ден астам заңбұзушылықты анықтады. Өндірістік жарақат салдарынан 293 адам зардап шегіп, 40 жұмысшының қаза тапқаны белгілі болды.

Жауапты ведомство өкілдері, кәсіподақ мүшелері және ірі компания басшыларымен бас қосып, қауіпсіздікті арттыру үшін нақты қандай шаралар қабылдау керегін талқылады.

Ерболат Абулхатин, ҚР ЕХӘҚМ Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті төрағасының м.а: 

- Президенттің тапсырмасына сәйкес, ауыр және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмыскерлердің еңбек жағдайын, қорғау мәселесін егжей-тегжейлі қайта қарау мәселесі қолға алынып жатыр. Ол бойынша да жылдың аяғына дейін барлық осындай кен орындарында ревизия жүргізіледі. Еңбек қауіпсіздігін сақтау мәселесі одан әрі күшейтіледі және жаңа заңңамалық өзгерістер де дайындалып жатыр.

Ал әлемде жыл сайын 2 млн 700 мыңнан аса адам қызмет барысында түрлі жарақаттан көз жұмады. Бұл - Халықаралық еңбек ұйымының дерегі. Өндірістік қауіпсіздікті арттыру үшін бірқатар ел жасанды интеллектіні қолданады. Нәтижесінде жазатайым оқиғалардың саны 40 пайыз қысқарды. 

McKinsey сараптамалық компаниясының есебіне сәйкес мұндай технология енгізген өндіріс орнының 90%-ында қызметкерлердің қауіпсіздікке деген жауапкершілігі артқан және тәртіп бұзушылықтар азайған. Олар бұл үшін ақылды каска, смарт сағат, виртуалды тренинг сияқты цифрлық құралдарды қолданған.

Сарапшылардың сөзінше, болашақта жасанды интеллект пен түрлі девайстар қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі құралға айналуы мүмкін.