Су ресурстары және ирригация министрлігі тасқын суын қабылдау және қауіпсіз өткізу үшін еліміздің солтүстік, батыс, шығыс және орталық аймақтарындағы ірі су қоймаларынан су жіберіп жатыр.
Атап айтқанда, Бұқтырма су қоймасынан секундына 1 мың 110, Өскемен су қоймасынан 1 мың 30, Шүлбі су қоймасынан 3 мың 130, Петропавл су қоймасынан 3 мың 219 текше метр су жіберіліп жатыр. Ал алты өңірдегі қоймаларда тасқынның қауіпті кезеңі аяқталған.
Бұдан бөлек, биыл Қырғыз Ресбуликасы Қазақстанға 600 млн текше метрден астам су жібереді. Суару маусымы басталған сәуірдің өзінде 45 млн текше метр су берген. Енді осы айдың соңынан бастап көрші ел Талас өзені арқылы тағы 400 миллион және Шу өзені арқылы 180 миллион текше метр су жібереді. Су Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығы алқаптарын суаруға жұмсалады.