Ақмола облысында қайтарылған активтер есебінен сумен жабдықтау жүйесін салуға 1 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Енді Қосшы мен Макинск қалаларының тұрғындары тіршілік нәрімен қамтылады.
Қосшыда су құбырының құрылысын аяқтауға 476,7 млн теңге бөлінді. Қазір шамамен 50 шақырым құбыр тартылған. Жалпы желілердің ұзындығы 64 шақырымнан асады. Нысанды жыл соңына дейін тапсыру көзделген.
Айта кетейік, шаһарда қолданыстағы инженерлік желі 30 мың тұрғынға есептелген. Бірақ ресми деректе 50 мыңнан астам адам тіркелген. Қаланың бас жоспарына сәйкес, 2038 жылға қарай Қосшыдағы халық саны 150 мыңнан асады деген болжам бар. Ал Макинск қаласында 72,7 шақырым су желісін тарту қарастырылған. Бұған дейін бөлінген қаржыға 45 шақырым желі тартылды.