Маңғыстаудағы Айрақты тауы аумағының тазалығы әуеден бақылауға алынбақ.
Өңірде туристер саны артқан. Кейбірі от жағып, ас ішкен жеріне қоқыс тастап кетеді. Заңбұзушылықтың алдын алу мақсатында мамандар дронмен мониторинг жүргізуді қолға алды. Қоршаған ортаны ластағандар бірден анықталып, әкімшілік жауапкершіліке тартылады. Таяуда Айрақты, Ақмыш, Самал сынды көрнекті жерлерге қоқыс жәшіктері қойылған. Әрі коммуналдық мекеме қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарады.
Абат Өрісбаев, облыс әкімінің орынбасары:
- Демалушылар келген кезде дрон арқылы келген көлігінің мемлекеттік номері де көрінеді. Қанша адам келгені де көрінеді. Сол орынға барып дрон күніне бірнеше рет ұшып қарайды. Мониторинг жасайды. Соның нәтижесінде егер сол орында қоқыс қалдыру, сондай құқықбұзушылықтар болса, онда біз сол материалды жинап құқық қорғау органдарына жібереміз. Одан бөлек, біздер оны әлеуметтік желіге шығаруды жоспарлап отырмыз.