Шымкенттегі Қошқар ата өзені ластанып барады

  • 26
  • 28.04.2025, 19:42

Шымкентте Қошқар ата өзені ластанып, жағалауы күл-қоқысқа толып барады. Су арнасына төгілген қалдықтарды тазартудың орнына бетін қиыршық тастармен көму жұмыстары жиілеп кетті, - дейді экобелсенділер. Салдарынан су деңгейі төмендеп кеткен.

Бұлақ көздерінен бастау алатын Қошқар ата өзінінің жалпы ұзындығы 21 шақырым. Эко белсенділер су арнасының табаны төгілген қалдықтармен қатталып, санитарлық жағдайы тым нашарлап кетті, - дейді. 

Сергей Ефремов, волонтёр:

- Өзеннің түбіне қарасаңыз, лай-батпақтан басқа ешнәрсе көрінбейді. Күл-қоқысқа толған. Оны білдірмес үшін әр жері қиыршық таспен көмілген. Өзен арнасы бұлай тазартыламайды. Мұның барлығы су астындағы тіршілікке кері әсер етеді. 

Биыл сала мамандары Қошқар ата өзенінің 26 нүктесінен сынама алған. Зертханалық талдау қорытындысына сәйкес, фауна мен экожүйеге зақым келгені анықталып отыр.

Ермахан Қозыбаев, қалалық экология департаментінің басшысы:

- Бұл Қошқар ата өзенінің үстіне дейін адамдар үй салып тастаған. Адам болғаннан кейін қалдықсыз болмайды. Ол жерде сұйық қалдық болуы мүмкін, қатты қалдықтар болуы мүмкін. Былтырмен салыстырғанда, аздап ластану фактілері бар. Сумен ағып кетеді деп ойлайды. Ал бірақ оның арғы жағын ойламайды. 

Жергілікті билік өкілдері өзен бойын абаттандыру арқылы мәселені шешуге болатынын айтады. Биыл жағалаудың 3,5 шақырымы табиғи тау тастарымен нығайтылып, табаны тазартылмақ. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 1 млрд 400 миллион теңге қарастырылған. Сондай-ақ заңсыз салынған қосалқы нысандар мен қоршаулар бұзылып, жерді қайтару ісі қолға алынбақ. 

Мұрат Әбдірахманов, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

- Қошқар атаның жанынан қазір көріп тұрғандарыңыздай, 3 метрге дейінгі аралықты ғана аламыз. Максималды түрде ағаштарды кеспей, табиғи ландшафтты қалдырып, нығайту жұмыстарын жүргіземіз. 

Мердігер анықтанып, құрылысты аяқтауға 8 ай уақыт берілмек. Алайда экобелсенділер оған дейін қоғамдық тыңдау өткізіп, жобаны талқылауды өтініп отыр. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы