Абай облысында жаңа көпір қашан салынады?

  • 31
  • 28.04.2025, 18:40

Былтыр Абай облысындағы Көкпекті ауданы мен Тассай ауылын жалғайтын көпірді қарғын су шайып кеткен еді. Уақытша өткел де ұзаққа шыдамаған. Қазір халық айналма жолмен қатынауға мәжбүр. Жаңа көпір қашан салынады?

Рүстем Қайратұлы, тілші: 

- Тассай ауылын аудан орталығымен жалғап тұрған бұл көпір 2012 жылы салынды. Былтыр көктемде оны су шайып кетіп, әкімдік халыққа уақытша өткел салып берген. Бірақ оған да зақым келді. Енді тұрғындар Көкпектіге бара алмай, қиналып отыр.

Ауыл халқы орталыққа қатынау үшін айналма жолмен 100 шақырымнан астам жер жүруге мәжбүр. Өйткені ауданға апарар өткел де, көпір де құлап жатыр. Жауынды күндері лай-батпақпен қатынау мүмкін емес. Айналма жолмен жүреміз деп талай көлік жолда қалған.

Қайыржан Ізғұттинов, Тассай ауылының тұрғыны:

- Қыста тағы да шырылдап қаламыз ба деп халық уайымдап отыр. Қараңғыда келіп қалса батып, ауырған-сырқаған біреу болса, жеткізе алмаймыз ба деп қорқамыз. Ауылдың қатынасы қиындап кетті.

Қуан Түсіпбеков, Тассай ауылының тұрғыны:

-  Ол жақта батпақ болса, мүлдем жүре алмайды. Ауылымды, ауданымды жамандағаннан бірдеңе табамын ба? Тек шындықты айтып тұрмын. Ұзатпау керек әр нәрсені, екі жылдан артық қандай ұзақтық керек?

Егер биыл да көпір салынбаса, қыста көмірсіз қаламыз, - дейді Тассай тұрғындары. Алайда бір апта бұрын аудан әкімі халықпен кездесіп, мәселе таяуда шешілетінін жеткізген.

Әділет Қожанбаев, Көкпекті ауданының әкімі:

- 30 пайызы облыстық бюджеттен, 70 пайызы республикалық бюджеттен қарастырылып жатыр. Бұл енді аудан көлемінде ғана емес, облыс көлемінде маңызды мәселе. Халық айналма жолмен жүріп жүр, кішкене ыңғайсыздық тудырып отыр. Бірақ мәселе биыл шешімін табады деп нақты айта аламын.

Көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, бюджеттік өтінім де жіберілген. Өткелді салуға шамамен 1 млрд теңгеге жуық қаражат қажет.

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов