Сағадат Нұрмағамбетов – қазақтан шыққан тұңғыш генерал

  • 34
  • 29.04.2025, 18:48

Сағадат Нұрмағамбетов – Қазақстан әскерінің негізін қалаған ірі тұлға. Ол – Кеңес Одағының Батыры, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі және Халық қаһарманы. Оның майдан даласындағы ерлігі ұрпаққа үлгі. Ал қорғаныс саласын қалыстаптыру жолындағы даналығы қазақ халқының шежіресінде мәңгілік орын алды. 

Бұл – елін жанынан артық сүйген адамның бейнесі. Бұл – туған жердің бостандығы үшін күрескен сарбаз. Бұл – Сағадат Нұрмағамбетов.
 
Кейде тағдыр мықтыларды ерте сынайды. Сағадат Нұрмағамбетов те тағдыр тауқыметін кешіп, ерте есейген. Алдымен асқар тауы құлап, аштықта анасынан айырылған жігіттің жалғыз демеуі – Сағи деген ағасы еді. Бірақ ол да майдан шебінде жан тапсырды. Содан намысқа салған ер, соғысқа өзі аттануды жөн көрді.

Бақыт Сұлтанова, С. Нұрмағамбетовтың туысы:

-17 жаста болған екен ол кісі барған кезде. Жасы жетпей тұр ғой. Сонымен шегеріп-шегеріп, өзінің айтқаны болып, соғысқа кетті. Ол Москвадан Берлинге дейін бүкіл соғыста болды. 20 жасында Кеңес Одағының Батыры атағын алған.
 
1991 жыл. Көк байрақ желбіреді. Елге қорған болатын әскер керек еді. Бұл ұлы міндетті Сағадат Нұрмағамбетов арқалады. Ол ұлттық армияның негізін қалаған тұлға ретінде тарихта қалды. Әскеріміздің құрылу жолындағы әр қадамда оның қолтаңбасы бар.

Бақыт Сұлтанова, С. Нұрмағамбетовтың туысы:

-Ол кісі өте сыпайы адам болды. Маған ұнайтын қасиеті — шыншыл және тік мінезді. Сондықтан ол кісінің айтқан сөздерін мен өзіме тоқып алдым. Ең бірінші айтқан сөзі – «Антыңа адал бол» деген. 
 
Ержүрек ердің еңбегін ел де ескерді. 1994 жылы Сағадат Нұрмағамбетовке ең жоғары марапат – «Халық қаһарманы» атағы берілді. 
 
Бүгінде еліміздің бірнеше аймағында генерал есімімен аталатын көше және оқу орындары бар. Мәселен, 1999 жылы ашылған кадеттік мектеп бүгінде колледжге айналған. 300-ден астам студент оқиды.

Ерасыл Секен, С. Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің студенті:

-Ел үшін жасаған ерен еңбегі, соғыс барысындағы ерліктері — ұрпақ жүректерінен мәңгі өшпес деп ойлаймын. Ол кісі салған сара жол көптеген студентке дара жол бола білді. Сол кісінің жолын қуу арқылы біз әскери өмірге келіп, оқуға түстік.

Сағадат Қожахметұлының ерлік пен еңбекке толы өмір жолы – жас ұрпаққа үлгі. Сондықтан ардақты ердің есімі ұмытылмасы хақ.

Дана Әлиева, Самат Сүлейманов