Жалақысы аз, жұмысы көп салаға маман жетіспейді. Айтпағымыз мал дәрігерлерінің жайы. Ел бойынша тапшылық шамамен 400 орынға жуықтайды. Әсіресе, Солтүстік пен Орталық Қазақстанда мал дәрігері аз. Шалғайдағы ауылдарда бұл қатты сезіледі. Мәселені ветеринария саласына бөлінетін гранттар да құтқарар емес. Жастар арасында қызығушылық аз. Салаға бөлінген гранттардың жартысы игерусіз қалады. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі, Сенат депутаттарымен бірге ветеринария қызметін жаңғырту жолдарын талқылады.
Қазбек Қазиханұлы, ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы:
-Жас маманның басым бөлігі қалада, аудан орталғында жұмыс істегісі келеді. Ауылға бармайды. Сондықтан біз Ғылым және жоғары білім министрлігімен бұл бағытта жұмысты жалғастырамыз. Мамандықтың тартымдылығын арттыру үшін қажетті шараларды қабылдауға дайынбыз.