Ақмола облысындағы бірқатар елді мекенде интернет байланысы мардымсыз

  • 27
  • 30.04.2025, 18:44

Ақмола облысындағы бірқатар елді мекенде интернет байланысы нашар. «Тіпті қала іргесіндегі ауылдардың өзінде ғаламтор желісінің жылдамдығы мардымсыз. Салдарынан балалар сабақ оқуға қиналады», дейді жергілікті тұрғындар.  

Ұялы байланыс пен интернет тауқыметін тартып отырғандардың бірі -  Зеренді ауданына қарасты дәл осы Бірлестік ауылы. Елді мекен облыс орталығынан 40 шақырым жерде орналасқан. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, соңғы жылдары мұнда ұялы байланыс нашарлап кеткен. Ал ғаламторға кіріп жұмыс істеу мүлдем мүмкін емес дейді. 

«500-ге жуық тұрғыны бар Бірлестік ауылындағы басты мәселенің бірі - интернет. Осыдан үш жыл бұрын елді мекенге байланыс антенасы орнатылған. Бірақ оның пайдасы шамалы»,дейді тұрғындар. 

Нұртай Мұқышов, Бірлестік ауылының тұрғыны:

-Интернет жоқ. Балалар елде тұрғысы келмейді. Шетке кетіп жатыр. Енді қазір мынадай заманда қайда барсаң интернет қой. 

Жоқ интернетке ауыл тұрғындары ай сайын қаржы төлейміз деп ашынып отыр. Оның үстіне тариф күрт қымбаттап кеткен. 

Мирас Қаркенов, Бірлестік ауылының тұрғыны:

-Мен 3300 теңгеден бастаған болатынмын. Биылғы жылы 5600 теңгеге көбейді. Бірақ одан ешқандай нәтиже көріп тұрған жоқпын.  

Ғаламтордың жоқтығы тек оқушыларға ғана емес, мұғалімдердің де жұмысына қолбайлау болған. Яғни, ұстаздар білім беру платформаларына кіру үшін сағаттап отыратынын жасырмайды.  

Міне білім класс платформасына кірейік десек, көптеген кедергілер бар. Қаншалықты тосатынын білмейміз. Ал жергілікті билік өкілдері Бірлестік ауылындағы ғаламтор мәселесінен хабардар. Бірақ нақты қашан шешілетінін дөп басып айта алмайды. Қазір өңірде «қолжетімді интернет» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 

Олжас Қами, «облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасы» ММ бөлім басшысы:

-Қазір бұл жобаға 80 мыңға жуық тұрғыны бар 102 ауыл кіреді. Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытында тағы бір жоба қолға алынды. Оның аясында 279 ауылды сапалы интернетпен қамтуды көздеп отырмыз. 

Биыл өңірдегі республикалық маңызы бар 3 жолға талшықты-оптикалық антена орнатылмақ. Сондай-ақ Бурабай ауданындағы ұялы байланысты жақсарту жоспарланып отыр. Қазір онда 8 байланыс антенасы орнатылып жатыр. Айта кету керек, аймақ халқының 82 пайызы кең жолақты сапалы интернетпен қамтылған. 

Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный