Кезінде Германияға қоныс аударған Денис Шеминг араға 30 жыл салып, туған жері Солтүстік Қазақстан облысына қайта оралған. Қазір ол Тайынша ауданына қарасты Нагорное ауылында жалғыз тұрады. Шағын шаруашылық құрып, азын-аулақ мал ұстайды.
Денис Шеминг Германияға ата-анасымен 9 жасында көшіп кеткен. Шетелде 30 жыл тұрған ол туған жері Нагорное ауылына қайтып оралды. Қазір осында жалғыз тұрады. «Бұл жаққа Қазақстанның дархан даласын аңсап келдім», - дейді Денис.
Денис Шеминг, Нагорное ауылының тұрғыны:
-Қазақстан жердің көлемі жағынан Германиядан 7,5 есе үлкен. Ал халық саны аз. Ол жақта 83-84 миллион адам тұрады. Сондықтан осылай емін-еркін өмір сүре алмайсың. Мен болсам кең даланы аңсадым. Сондықтан туған жеріме көшіп келдім.
Денис Шеминг ауылдан үй алып, шағын шаруашылық құрған. Қазір жылқы, ешкі, шошқа, құс ұстайды. Ет-сүтінен табиғи таза тағамдар дайындайды. Ал Германияда оның әке-шешесі мен әйелі қалды.
-Мен мұнда мал ұстап, ауылдың өмірінен ләззат аламын. Әр күнімді әлеуметтік желіге жариялап, адамдарға жақсы көңіл күй сыйлаймын. Жергілікті тұрғындар да мені жақсы қарсы алды.
«Бұл жақта құдықтан су тасып ішсем де, бақыттымын», - дейді Денис. Ол ауылдан тағы бір үйді сатып алып, шағын қонақүй салуды жоспарлап отыр. Оны өзі секілді шалғайға жан рақатын іздеп келетін адамдарға жалға бермек.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков