Қарағандылық спортшылар Жеңістің 80 жылдығына орай Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтің туған жері Жарлы ауылына дейін 250 шақырымдық марафон ұйымдастырды. Еске алу эстафетасы облыс орталығындағы батыр ескерткіші жанынан бастау алған. Қарағанды қаласында бүгінде Нұркен Әбдіровтің есімімен аталатын көше, спорт кешені және әскери әуе айлағы бар.
Нұркен Әбдіров 1919 жылы Қарқаралы ауданы Жарлы ауылында дүниеге келген. Сәрсен және Сәдірбек есімді ағалары болыпты. Әбубәкір - ақсақал Сәрсен Әбдіровтың баласы. Оның айтуынша, Нұркенмен бірге соғысқа аттанған Сәдірбек елге оралмаған. Ол туралы әлі күнге еш дерек жоқ. «Нұркен батырдың Ресейдегі жерленген жері белгілі болған соң, анасы Балжан Жайкеноваға еріп барғанда 15 жаста едім»,– деді Әбубәкір ақсақал.
Әбубәкір Әбдіров, Н. Әбдіровтің немере інісі:
- Апам осында жаз болғаннан кейін «мен Нұркеннің басына барамын» деп айтты. Нұркен басына барғанда мен жалғыз едім. Үш ағайындыдан жалғыз ұрпақ. Сол ұшаққа бізді отырғызып Вёшинский районына бізді алып барды. Бейіт басына апарды.
Сол сапарда батырдың анасы келгенін естіп, орыс жазушысы Михаил Шолохов құрмет көрсетіп үйіне шақырыпты. «Ол туралы қаламгердің қолжазбалары болуы мүмкін»,– деді Әбубәкір ақсақал. Нұркен Әбдіровтің зираты Ростов облысының Боков елді мекені маңында. Жергілікті халықтың қазақ ұлына деген құрметі әлі күнге ерекше.
Бахтияр Әбубәкір Әбдіров, Н. Әбдіровтің немересі:
- 2019 жылы Нұркен атамыздың 100 жылдығына орай біз Волгоградтағы Мамаев қорғанына бардық. Ол жерде ескерткіш тақтасы бар. Содан кейін Ростов облысының Боков елді мекеніндегі зират басына соқтық. Жергілікті халық атамыздың ерлігін ұмытпай, үнемі ұлықтап жүреді екен.
Нұркен Әбдіров соғысы жылдарында көптеген әуе шайқастарына қатысып, жау әскері мен танкілерін, жанармай қоймаларын, оқ-дәрі тиеген керуендерін, зениттік қондырғыларын талқандап, ерен ерлік көрсеткен. Сұрапыл соғыс жылдары Нұркен елге 40-тан астам хат жазыпты. Олар бүгінде мұрағатта сақтаулы, батырдың рухани әлемінен сыр шертетін құнды тарихи дерек көзіне айналған. Соңғы хатын 1942 жылдың 23 қазанында жолдаған. Ал араға небәрі екі ай салып, 19 желтоқсанда серігі Саша Комиссаровпен бірге соңғы рет көкке көтерілген. Бұл олардың ерлікке толы соңғы сапары еді.
Темірғали Аршабеков, облыстық ғылыми-техникалық құжаттама мұрағатының басшысы:
- Олардың ең басты шешімі ол ұшақтан секіріп кетпей жау колоннасына, дзодтарына өзінің жанып бара жатқан ұшағын қаншама фашистті өзімен бірге ала кетті. Ол өзін сақтап қалуына болушы еді. Бірақ ол өзінің соңғы демі біткенше өзінің Отанға деген ерлігін көрсете білді.
Батыр даңқы уақыт өткен сайын арта береді. Жеңістің 80 жылдығына орай қарағандылық спортшылар Нұркен Әбдіровтің туған жері Жарлы ауылына дейінгі 250 шақырымды жүгіріп өтті.
Ісләм Мүслімов, ардагер спортшы:
-Туған жері Нұркен Әбдіровтың 5-ші ауылға барамыз. Барлық жігіттер дайын. 250 шақырым жүгіріп шығамыз.
«Ерлік-елге мұра, ұрпаққа ұран» деп білетін халқымыз батырын ұмытқан емес. Бүгінде Қарағанды қаласында Нұркен Әбдіров атындағы көше, спорт кешені және әскери әуе айлағы бар.
Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит