Бірлік күні: Қызылодарда қандай іс-шаралар өтіп жатыр?

  • 43
  • 01.05.2025, 16:08

Сыр елінде де той-думан, мереке. Бұл өңір 30-дан астам этнос өкілінің құтты мекеніне айналған. Олар түрлі іс-шара ұйымдастырып, Қазақстан халқының бірлігі күнін кең көлемде атап өтіп жатыр. Мерекелік думанның куәсі болған әріптесіміз Нұрлан Жақыпбеков тікелей эфирге қосылуға дайын. Нұрлан, Қызылодарда қандай іс-шаралар өтіп жатыр?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

-Рақмет, Сағыныш! Иә, бүгін «Сыр елі – татулық пен келісім мекені» атты бірлік пен достықты дәріптеген мерекеде түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астындағы ынтымақтың асыл үлгісін паш етті.

Мереке этномәдени бірлестіктердің шеруімен басталды. Оған 300-ге жуық адам қатысты. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған арнайы кітаптар мен тарихи құжаттар көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар қолөнер бұйымдары, жас суретшілердің туындылары, кәсіпкерлердің өнімдері көрмеге қойылды. Тағы бір ерекшелігі: «Құстар фестивалі» өтті. Табиғатты қорғау мен шығармашылықты ұштастырған бұл іс-шараға әуесқой құс асыраушылар қатысты. Олар әкелген бейбітшілік, тазалық пен сенімнің символындай көгершіндер көздің жауын алады. Сондай-ақ бүгін жаңа Достық үйінің іргетасы қаланды.  

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Ал «Бірлік жүгірісі» марафонына мыңнан аса адам қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар ел ынтымағын арттырып қана қоймай, бұқаралық спорттың дамуына сеп болады. Сонымен қатар мерекелік іс-шара аясында қоғамдық келісімді нығайтуға сүбелі үлес қосқан жандарға Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық медалі табысталды.